Ел үміт артқан үздіктер
Жалынды да қарымды жастар – ел болашағы. Қазіргі таңда өңір жастарының атқарып жүрген жұмыстары ауқымды. Халықаралық жастар күніне орай өңірімізде онкүндік белгіленіп, әрбір күн қызу еңбекпен, қызықты идея, жарқын жобалармен өткенін айтуға тиіспіз. «JastarFEST» фестивалі аясында ұйымдастырылған онкүндіктің қорытынды марапаттау кеші кеше Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өтті.
Әуелі облыс жастарының ұйымдастыруымен өткен іс-шаралар бойынша бейнеролик көрсетілді. Онда әр аудандағы белсенді жұмыстар қамтылған. Мұнан соң облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, ел болашағы – жастарды халықаралық мерекемен құттықтады. «Өңір жастарының қарқынды жұмыстары көңіл қуантады. Өнер мен спорт, мемлекеттік қызмет, құрылыс, экономика, әлеуметтік салада, барлық бағыттарда жас буынның белсенділігі байқалады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сіздердің бастамаларыңызды ерекше қолдайды. Жастардың жарқын жобаларына қашанда жол ашық», дей келе әр сала, әр ауданда үздік жұмысымен танылған жастарды бағалы сыйлықтармен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Іс-шара барысында «Ақкербез» би ансамблінің қыздары «Шаттық» биін билесе, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Құрмаш Қуанышбаев «Жайдарлы Жамбылым» әнін әуелете шырқады. Жас ғалым Азат Жаманқұл өз замандастарын жаңаша ойлауға шақырып, жас ақын Медеу Мырзатай рухты өлеңдерін арнады.
Іс-шара соңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның және Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Есет ДОСАЛЫ