Жаңалықтар

Табиғат жанашырларының қатары артып келеді

Адамзат үшін табиғат – туған ана. Соның құшағында таза ауа жұтып, тіршілік нәрімен қуат алып, сапалы өмір сүрудеміз. Оның күтімін жасап, қоршаған ортаның тазалығын сақтау – адам атаулыға парыз. Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекетіміздің барлық аумағында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы табиғат жанашырларының қатарын көбейтіп келеді. Соның нәтижесінде тек жұрт қоныстанған мекендер ғана емес, өзен-көлдер мен тау шатқалдары да қоқыстан тазартылып, су арналарының көзі ашылды.

Жақында ғана Мойынқұм ауылының кіре берісінде орналасқан Шу өзенінің айналасы ауыл тұрғындарының, спортшылар мен жастардың жұдырықтай жұмылуымен тазартылды. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары да бұл жолы білек сыбанып, белсене атсалысты. Қоқыс қалдықтарын салуға арналған жүк көліктерімен шөп-шалам, күл-қоқыс шығарылды. Өзен жағалауындағы барлық пластик, шиша бөтелкелер бөлек жиналды.

«Тазалық – табалдырықтан басталады» деп білетін жуалылықтар ауыл ішін тазалап қана қоймай, жалғызбасты қариялардың аула ларын жиыстыруға да көмектесіп жүр. Өткен сенбіде ауданға қарасты үш ауылдық округте қоршаған ортаға қамқорлық жас ап, өскелең ұрпаққа өнегелі істі насихаттауға бағытталған іс-шара ұйымдастырылды. Қарасаз, Жетітөбе ауылдық округінде әкімдерінің бастамасымен ауыл тұрғындары жалғызбасты қарттардың үйлерін сырлап, әктеп, аулаларын арам шөптен арылтты. Қарасаз ауылдық округінде қазіргі таңда 12 жалғызбасты қарт тұрады. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл кісілерге ауыл тұрғындары тұрақты түрде көмектесіп отырады. Жалғыз басты қарттар ауыл әкімі мен ауыл тұрғындарына өздерінің алғыстарын айтты. Ал, Күреңбел ауылдық округінде әкімшілік аппаратының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары Батырбек датқа кесенесіне тазалық жұмыстарын жүргізді. Біреуі сырласа, енді бірі шөп-шаламды жинастырды. Жалпы, үш ауылдық округтен бұл күнгі акцияға 50-ден аса адам қатысты.

Меркі ауданындағы Жаңатоған ауылдық округінде өткен санитарлық-тазалық жұмыст арына әкімшілік аппаратының қызметкерлері мен ауыл жастары, қоғамдық қызметкерлер қатысты.

Сонымен қатар, Сұрат ауылдық округінде өткен сенбілікте ауыл көшелерінің бойындағы және ауыл саябағы аумағындағы шөптер шабылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Талдардың түбі қопсытылып, ақталып, суғарылды.

Расында, бұл акция көптен бері көлеңкеде қалып келе жатқан табиғатқа деген жанашырлықты оятты. Қоршаған орт асын күту арқылы адам өз денсаулығына қамқорлық жасап, өмірін сақтандыратыны ескерілді деуге болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА