Ынтымақтастыққа ықпал еткен кездесу
Тамыз айының алғашқы онкүндігінде еліміздің елордасы маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Әуелі екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз өткізді. 8 тамызда ел Президенті Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысып, бірқатар шешімге қол қойды. Бұдан соң Президенттер Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысты. Ал, 8 тамызда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Астанаға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.
КЕЗДЕСУДЕ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ?
9 тамызда Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті. Жиында Қазақстан Президенті консультативтік кездесулердің нәтижесі бұрын - соңды болмаған деңгейге шыққанын мәлім етті. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларын геосаяси сын - қатерлерге қарсы бірігуге шақырып, қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықты сақтау өте маңызды екенін мәлім етті. Өйткені, Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар мәселелер барын айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, халықаралық қатынастар жүйе сінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырап отыр.
Қасым - Жомарт Тоқаев Президенттерді Орталық Азияны қауіпсіз етуге барынша күш-жігер жұмсауға шақырды. Экономикалық базаны қалыптастыру да аса маңызды екенін айтты. Десе де, Орталық Азия елдерінің бір-бірімен сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бүгінде ол көрсеткіш 11 миллиард АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшысы енді тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізу қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдері дамытуы тиіс салаларды да жіктеп шықты.
Жиында Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру ұсынылды. Ел Президенті Қазақстанның «Орталық Азия Іскерлік кеңесін» құру туралы ұсынысын құптайтынын да мәлім етті. Өйткені, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі дамыту мен стратегияларды қабылдау аса маңызды. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» сияқты бастамалардың маңызы айрықша.
Су саясатында Қазақстанның ұстанымы қандай? Қазақстан басшысы су мәселесінде де мемлекеттің ұстанымын жеткізді. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану қажет екенін, яғни суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібі болу керек деп есептейді. Осы орайда Президент жаңа су саясатын әзірлеуді ұсынды.
Консультативтік кездесуде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі. Орталық Азия елдері консультативтік кеңесі жиынын өткізу Шавкат Мирзиёевтің идеясы екені айтылды. Осы жолғы Өзбекстан Президентінің Астанаға келуі тек аталған кеңеске қатысу ғана емес, Астанаға ресми сапары болып саналады. Кеңес жиыны алдындағы ресми сапар бөлігінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттаған еді. Ал кеңес отырысының соңында Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан «Құрмет белгісімен» де марапаттады.
Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан Пре зиденті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысып, сөз сөйледі.
Айта кетсек, 9 тамызда VI Консультативтік кездесуде бас қосқан Орталық Азия елдерінің басшылары бір ай бұрын Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне де қатысқан болатын.
ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
VI Консультативтік кездесудің соңында Президенттер 8 құжатқа қол қойды. Жиында «2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы» бекітілді. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болды. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Кездесу аясында Орталық Азия басшылары өндірістік кооперацияны дамыту, көлік-логистикалық орталықтарын дамыту және Көлік және Энергетика министрлерінің коммюникесі сынды құжаттарға да қол қойғанын айта кеткен жөн.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРҒАН КЕЗДЕСУ
Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі көпжоспарлы ынтымақтастықтың одан әрі дамуын айқындайтын өңірдің дамуы үшін маңызды іс-шара болды деуге болады. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің басты назарында өңірдегі кооперацияны дамыту, тұрақтылық пен қауіпсіздік, оның ішінде сауда-экономикалық әріптестік, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері болды. Саммитте «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту стратегиясы қабылданды. Бұл тұжырымдамалық құжат бесжақты өзара іс-қимылды кеңейту және Орталық Азияның халықаралық субъективтілігін нығайту үшін әзірленген.
Орталық Азия елдері көшбасшыларының мұндай кездесулері 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол жалпы сын-қатерлерді шешу үшін бірлескен іс-қимылдарды қабылдап, өңірлік ынтымақтастық пен дамудың сындарлы алаңы бола отырып, дәстүрге айналды. Бір айта кетерлігі, алғашқы кездесу Қазақстанда, нақтысы Астанада өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді. 2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің нәтижесінде бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес саммиттің қорытындылары айқын дәлел.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлішер Тастеновтің пікірінше, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық деңгейі айтарлықтай өсіп, өзара іс-қимыл динамикасы өңір ішінде де, С5+1 форматында да артқан. Аймақтық қатынастардың басымдығы өсті, серіктестіктің жаңа кезеңдеріне қол жеткізілді. Осылайша, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасалып, кеңейтілді. Саяси ғана емес, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық, экологиялық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл кеңеюде. Тек соңғы он жылда өңір елдерінің өзара саудасы 2,5 есеге ұлғайып, 11 миллиард долларға жеткен, оның ішінде тек біздің экспортымыз 5,5 миллиард долларды құрайды. Жалпы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, инвестициялық ахуалды жақсарту Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық пен іскерлік ахуалды дамытудың негізгі факторларына айналуда.
Айта кетейік, 9 тамызда VI Консультативтік кездесуде бас қосқан Орталық Азия елдерінің басшылары бір ай бұрын Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне де қатысқан болатын.
ЖАПОНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ САПАРЫ ШЕГЕРІЛДІ
Жапония Премьер-министрі Фумио Кишида Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келіп, 9 тамызда Астана қаласында өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысады, ал, 10 тамызда Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі екіжақты келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған болатын. Алайда, Фумио Кишида елдің оңтүстік-батысында болған күшті жер сілкінісіне байланысты Астанаға жоспарланған сапарын тоқтатты. Жапон Премьер-министрі алдымен Қазақстанға келіп, саммитке қатысып, одан кейін Өзбекстан мен Моңғолияға барады деп жоспарланған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға келе алмаған Жапония Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесіп, жер сілкінісіне байланысты жапон халқына сабыр тілеп, табиғат апатының салдары ауыр болмайды деп үміттенетінін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Өз кезегінде Фумио Кишида Қазақстанға ресми сапарын, соның ішінде «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысуын амалсыздан кейінге шегергенін өкінішпен жеткізді. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фумио Кишида қазақ-жапон қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылап, өңіраралық ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП