Қоржынымызда қос күміс
Париж төріндегі ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарының он екінші күнінде еншімізге қос күміс бұйырды. Бұл күні грек-рим күресінен ақтық сынға алқынбай жеткен Демеу Жадыраев (77 килограмм) пен бокстан бас жүлдеге таласқан Нұрбек Оралбай (80 килограмм) төрт жылда бір айналып соғатын ұлы аламанның алтынына қол созды. Финалға сүрінбей жеткен жетісулық жампоз Демеу дәл осы сынның екінші кезеңінде күтпеген жерден Жапонияның ақ үміті, 23 жастағы Нао Кусаканың тұзағына түсіп қалды. Марапаттау рəсімінен кейін финалдық тартыс турасында пікір білдірген қазақ оғланы өзіне жүктелген жауапкершіліктің тым жоғары болғаны көңілін толқытып жібергенін жасырмады.