Басты міндет – офицерлік атаққа сай болу
Жамбыл облысында әскери міндетті азаматтарға арналған жиындар жүйелі жалғасын табуда. Бұл ретте көршілес Шымкент қаласынан келген Таразға табаны тиген запастағы бас-аяғы елу офицер бұрын зерттелген тақырыптарды тағы қайталап, өздерінің әскери есепке алу мамандықтарына сәйкес жаңаларын игеруде. Бұдан бөлек, отыз күндік әскери дайындық бағдарламасында оқу-жауынгерлік міндеттерді практикалық пысықтау мақсатында өзге де шараларды іске асыру көзделген.
Кезекті рет оқу-жаттығу жиынына өтушінің бірі – Тахир Уразбах. Бүгінде шымкенттік азамат жеке көлік компаниясының директоры. Ол Макаров тапаншасынан алғашқы үш сынақтан 26 ұпай жинады. Бұл – оның атыс дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, оның атыс кезінде осал еместігін бірден байқатты. Шынында да, запастағы майор Уразбахтиннің әскери қызметте жиырма бір жылдық тәжірибесі бар. Ол – кадр офицері. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген Тахир бақандай жиырма жылын Қазақстан Қарулы Күштері қатарында әскери қызметке арнаған. Десе де, келісімшарт аяқталғаннан кейін ол отбасылық жағдайларына байланысты әскери қызметтен қол үзеді.
Жалпы, бұл жиынға қатысушылар арасында майор Уразбахтин сияқты кадрлық офицерлер көп болғаны рас. Әскери саладағы қызметін абыроймен аяқтаған олардың барлығы мұндай жиындарға қатысуға қуана-қуана келісімін берген. Өйткені, бұл жігіттердің әрқайсысы әскери өнерді сақтап, уақыты келгенде оны жаңарту қажеттігін жақсы біледі. Мәселен, запастағы капитан Ришжон Кәрімбаев, аға лейтенант Бексұлтан Жандарбеков және лейтенант Абылай Сейлханмен тілдескенде біз осыны анық аңғардық. Сондай-ақ, шақырылғандардың қатарында әлі тәжірибесі толыспаған офицерлер де болды. Әскери кафедраларды сәтті тәмамдаған азаматтар оқу-жаттығу жиындарының зор пайдасы барын жеткізді.
Атап өтейік, отыз күндік жиын барысында запастағы офицерлер атысқа кіріспес бұрын қарудың тактикалық және техникалық сипаттамалары, атыс ережелері туралы білімдерін жаңартқан. Мұнда оларға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының офицерлері, сондай-ақ 5-ші механикаландырылған бригаданың келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметшілер қатарындағы кәсіби нұсқаушылар көмектескен.
Есен ӨТЕУЛІ