Сауатты маман әрқашан сұраныста
Кез келген құжатты ресімдеу өте маңызды процесс. Өйткені, әрбір құжаттың артында адам тағдыры тұр. Осы себепті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің саптық бөлімшелерінің мамандары қызметтік іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ қызметтік құжаттаманы дұрыс ресімдеудің басқа да маңызды мәселелеріне мұқият көңіл бөледі. Бұл ретте олар үшін оқу-әдістемелік жиындар ұйымдастырылады.
Жуырда ғана дәл осы сипатта Тараз қаласымен және гвардиялық гарнизондар базасында жиын өтті. Екі кезеңнен тұратын басқосуға өңірлік қолбасшылықтың барлық әскери бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Басқарманың әкімшілік бөлімінің бастығы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Ержан Нұрсұлейменовтың басшылығымен өткен сабақ барысында әскерилерге аса қажетті ақыл-кеңестер берілді.
Жалпы, персоналмен жұмыс бөлімінің бастықтары мен сержанттарының құзыретіне демалыстарды, іссапарларды, баянаттарды, бұйрықтарды ресімдеу, мұрағатты қалыптастыру, жауынгерлік және кәсіптік даярлық бойынша сабақтар өткізу кіреді. Осындай жиындар кезінде саптық бөлімшелердің мамандарын заманауи құжат айналымы бағдарламаларымен шебер жұмыс істеуге үйреткен жөн. Сондай-ақ, басқосуға қатысушылар қызметтік іс жүргізуді ұйымдастыру мен жүргізуден басқа, мұрағатқа тапсыруға ұзақ және тұрақты сақтау мерзімі бар құжаттарды дайындау бойынша негізгі талаптар мен ұсынымдарды, «қызметтік пайдалану үшін» деген шектеулі белгісі бар қызметтік құжаттармен жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделейді.
Жалпы, әрбір шығарылған және тіркелген бұйрықтар мұрағатқа кететіні рас. Ал, олар кем дегенде 75 жыл сақталады. Сондықтан, саптық бөлімшелер тарих жазады деп анық айтуға болады. Демек, мұрағаттың көмегімен бөлімнің тарихын білуге, бөлімшенің жауынгерлік жолын және әскери қызметшілердің әскери еңбегін бағалауға әрқашан мүмкіндік бар. Жиын барысында 01098 әскери бөлімінің саптық бөлімшесінің бастығы аға сержант Тасгүл Әділбаеваның ерен еңбегі айрықша атап өтілді. Ол 26 жылдық әскери қызметтің бақандай 15 жылын саптық бөлімде жұмыс істеуге арнаған. Бүгінде құрметті зейнет демалысына кетіп бара жатқан Тасгүл өз Отанына лайықты қызмет етудің үлгісі және саптық бөлімнің үлгілі маманы болған.
Есен ӨТЕУЛІ