Сарбаздар ата-аналарымен сөйлесті
Жалпы, кез келген ер азаматтың қалыптасуына әскери тәрбие ауадай қажет. Өйткені, әрбір үйдің еркесін темірдей тәртіпке көндіріп, оң мен солын танытатын жер де – әскер. Осы орайда, әскерге қабылдауда дене бітімі келісті, денсаулығы мығым, ойы ұшқыр, арнаулы білімі бар жастарға басымдық берілетінін айта кеткен жөн. Атап өтерлігі, соңғы жылдары еліміздің Қарулы Күштерінде әскери техникалар жаңартылуда. Тіпті, мерзімді қызмет сарбаздары үшін «Отбасымен бейнебайланыс» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Ал, осынау жобаның шеңберінде қатардағы жауынгерлер ата-анасымен онлайн байланыс орнатып, аз-кем тілдесуге мүмкіндік алған.
Бұл күнде Меркі ауылында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты мотоатқыштар батальонындағы «Даңқ аллеясы» және оған іргелес шағын саябақ аймағы сарбаздар үшін таптырмас орынға айналып үлгерді. Себебі, көркі көз тартар демалыс аймағында ғаламтор желісіне қосылу өте ыңғайлы. Мәселен, қатардағы жауынгер Әмір Әбділдин осы жерде анасымен телефон арқылы тілдескенді жаны сүйеді. Айта кетейік, қостанайлық азаматтың анасы Дана Әлжанова да қатал тәртіпті талап ететін Ішкі істер органдарында қызмет етеді. Оның офицерлік шені – полиция майоры. Жас сарбаздың анасы жұмысының көптігіне қарамастан, бір сәт ұлымен сөйлесуді құп көреді. Өйткені, ол әскердегі перзентінің әрбір минуты санаулы екенін жақсы біледі.
Ал, Түркістан облысының тумасы Нұрдәулет Әбдікәрім онлайн тілдесу барысында анасын әскердегі достарымен таныстырғанын жеткізді. Ол өз сөзінде мерзімді әскери қызметке шақырылған жігіттермен бүгінде берік байланыс орнатылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, тағы бір қостанайлық Артем Фрелих туған-туыстарымен сөйлесу барысында күш-жігер сыйлайтынын жасырмады.
Шын мәнінде, кез келген ата-ана үшін ұлының амандығы бәрінен маңызды екені түсінікті. Сондықтан, батальон командирі майор Мейрам Асылбеков егер ата-аналардың баласының ұзақ үнсіздігіне алаңдаушылық білдірсе, сарбаздардың туған-туысымен байланыс орнатуын жеке қадағалауды әдетке айналдырған.
Осыдан-ақ, бүгінде қазақстандық жауынгерлердің қарыны тоқ, көйлегі көк екенін анық аңғаруға болар. Қазақ әскерінің бүгіні мен болашағын айқындап берген әскери доктринаның талаптары да осы. Бастысы, мерзімді әскери қызметке шақырылғандар өркениет игіліктерінің пайдасын көріп жатыр. Демек, «Отбасымен бейнебайланыс» жобасы негізгі миссиясына қол жеткізді деген сөз.
Есен ӨТЕУЛІ