Әлеумет

Зейнетақы қорынан тіс емдетуге неге тыйым салынды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған жолдауында салымшылар зейнетақының бір бөлігін аса маңызды мақсатқа пайдалануына мүмкіндік алуын тапсырған болатын. Нақтырақ айтқанда, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы 2021 жылы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Енді 10 тамыздан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін стоматологиялық қызметтер үшін пайдалану 6 айға тоқтатылмақ.

Денсаулық сақтау министрінің «Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына 1-қосымшаның  2-тармағының қолданылуы 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін тоқтатылсын» деген бұйрық жобасы ашық талқылану үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Бұйрықта көрсетілген 2-тармаққа стоматологиялық қызметтер, яғни тісті протездеу, имплантация кіреді.

Бұл өзгеріс халық арасында талқыланып, көбі қарсы пікір білдіріп жатыр. Мысалы, мәжіліс депутаты Марат Башимов Facebook желісіндегі парақшасында денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысын сынға алды. Біз де өз тарапымыздан «Мұндай шешімге не себеп болды?» деген көкейдегі сауалға жауап іздедік.

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәліметінше, протездеу және тістерді импланттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды уақытша тоқтатудың себебі Бірыңғай жинақтаушы зейнет ақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде мақсатсыз алу жағдайлары орын алғандықтан туындапты. Яғни, қызметтік тексерулер жүргізілгенде жалған құжаттар пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталған.

«Отбасы банк» берген мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың 23 шілдедегі жағдай бойынша осы қаржы ұйымы арқылы емделуге 435,1 миллиард теңге біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98 пайызы стоматологиялық қызметтерге, яғни тіс протездеу және имплантацияға тиесілі. Алайда, халықтың емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде көрсетілген мақсатқа жұмсалмағаны белгілі болған. Банк бірқатар күдікті схемалардың белгілерін анықтап, олар бойынша ішкі тексерулер жүргізген. Істің қолда бар материалдарымен банк күдікті адамдарды анықтау және оларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінген.

«Осылайша, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу түрінде кейбір стоматологиялық клиникалар азаматтарға қолма-қол ақша алуға көмектескен. Бұл – зейнетақы төлемдерін мақсатсыз пайдалану. Мысалы, бірқатар стоматологиялық клиникалар күніне 70-тен астам клиентті қабылдаған. Есесіне бұл медициналық мекемелердің пациенттердің мұндай көлемін қабылдап, оларға тиісті қызмет көрсетуге жағдайлары болмаған.

Сараптау барысында клиникалардың қызмет көрсету заңдылығына күмән келтіретін фактілер анықталған. Атап айтқанда, стоматологиялық клиникалардың орналасу мекені клиенттердің тұратын жеріне және медициналық тіркеуге сәйкес келмеді, осы клиникалардың аймақтағы бірде-бір клиенті қызмет алынғанын растайтын құжаттарда көрсетілген стоматологиялық қызметтерді расымен алғанын растамаған. Бірқатар клиенттер өздерінің зейнетақы төлемдерін ешқандай стоматологиялық қызмет алмай, делдалдар арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын түсіндірді. Олар қажетті медициналық құжаттарды одан әрі дайындау үшін делдалдарға өз еркімен ЭЦҚ берген. БЗТ қаражаты есебінен емделу үшін, міндетті құжаттардың тізбе сіне кіретін, азаматтардың медициналық тіркелген жері бойынша дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларында қол қоюға құқығы жоқ, сондай-ақ дәрігерлік комиссияның мүшелері болып табылмайтын, тіпті медициналық мекемеде жұмыс істемейтін адамдардың қолдары тұрған.

Құжаттардың міндетті пакетіне дәрігерлік комиссия қорытындысын салған кезде пациенттің кез келген параметрлерін – тегін, ЖСН, туған күнін, телефон нөмірін өңдеуге болатын pdf форматындағы үлгі пайдаланылған көптеген фактілер анықталды. Банк бір клиника берген барлық дәрігерлік қорытындыларда пациенттердің бірдей мекенжайы көрсетілгенін анықтады. 21 жастағы қазақстандыққа «толық адентия», яғни тістердің толық болмауы диагнозы қойылғаны анықталды. Сонымен қатар, дәрігерлік комиссияның қорытындысында оған емдеудің келесі түрлері ұсынылды – тістерді тазарту, брекет орнату.

БЗТ пайдалану кезінде заңға қарсы іс-әрекеттердің және жаппай мақсатсыз пайдалану фактілерінің болуын ескере отырып, Отбасы банк мұндай фактілердің жолын қию үшін қажетті шараларды қолға алу туралы ұсыныс білдірді» делінген «Отбасы банктің» хабарламасында.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі протездеу және тіс имплантациясы бойынша стоматологиялық қызметке бөлінген қаражатты пайдалануды тоқтатқан уақыт ішінде банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің уәкілетті операторы ретінде БЗТ қаражатын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу және стоматологиялық қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді көздеп отыр.

Облысымызда биыл 1 тамызға дейін 15299 салымшы емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланыпты.

Сөзсіз, әрбір нәрсенің өз мақсатымен жүзеге асқаны нәтижелі болмақ. Дегенмен, қулыққа барғандардың салдарынан емге шын мұқтаж жандар зардап шекпесе екен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА