Экономика

Тоғыз жүз тоннаға жуық ет экспортталды

Биыл облыста егін және мал шаруашылығы салаларында жыл басынан бері 92,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға жоғарылаған. Бұл қаражаттың 3,4 миллиард теңгесі егін, 89,4 миллиард теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция 2,9 миллиард теңгені құрады. Сонымен бірге осы жылдың өнімі үшін 644,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 6,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары ендірілді.

Ал, өңірде мал басының артуы анық байқалады. Бүгінгі таңда мал басы 4,8 миллионға жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 0,2 пайызға артқан. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 5,1, қой мен ешкі басы – 6,7, жылқы – 9,1, түйе 2 пайызға жоғарылаған. Жалпы алғанда мүйізді ірі қара 569,5 мың, қой-ешкі 4178 мың, жылқы 197 мың, түйе 8 мың басқа жеткен. Мұның 329 492 басы Сарысу ауданында өсірілуде.

Сондай-ақ, 46,4 мың тонна ет (өсім 5 пайыз), 115,4 мың тонна сүт (өсім 1,1 пайыз) және 43,3 миллион дана жұмыртқа өндірілген.

Сарысу ауданы халқының негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері ауданның ғана емес, облыстың негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағытт арын айқындап берген болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдау шараларына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін жылда бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның арқасында облыста асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде қой-ешкі басы 500-ден асатын 359 шаруа қожалық бар, ал мүйізді ірі қара ұстайтын қожалық саны 60-қа жеткен.

Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 4,1 пайызға, сүт өнімдері – 1,4 пайызға артқан. Жыл басынан бері 887 тонна ет экспортталған. Оның ішінде, сиыр еті 240,3, қой еті 446,3 тоннаны құраса, жылқы еті 0,4 тонна. Құс еті 200 тоннаға жетіп отыр. Сонымен қатар, облыста қуаты 50 бастан 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 52 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істеуде.

Ал, бүгінде Сарысу ауданындағы 1045 шаруа қожалықтың 576- ы мал шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, осы жылдың бірінші жарты жылдығында аудандағы мал 329 492 басты құраған. Оның ішінде мүйізді ірі қара 31609, қой-ешкі 283 714 бас, жылқы 10 643 бас, түйе 3526 басқа жеткен. Ал құс саны – 27031. Мал басының өсуі ет және сүт өндірісінің дамуына жол ашып отыр. Атап айтсақ, ет өндірісі (тірі салмақта) 3644,9 тонна, сүт көлемі 3138,8 тонна болса, жұмыртқа өндірісі 2 125,9 мың данаға жеткен. Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді.

Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығымен ауданда 9 шаруа қожалық айналысуда. Жалпы, биыл бұл шаруа қожалықтарда 45877 асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері өсірілуде. Соның бірі – осы асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған «Раш» шаруасы. Қожалық жетекшісі Есенғали Рашевтың айтуынша, қожалық жұмысын 1997 жылы бастап, мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 26 жыл болыпты. Ал асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін 2015 жылы алып, содан бері асыл тұқымды қой мен мүйізді ірі қараны баптап, табысты жұмыс істеп келеді екен.

Есенғали өзіне қажетті мал азығын шаруашылыққа тиесілі 753 гектар алқаптан жинауда. Оның 559 гектары шабындық болса, 194 гектары жайылымдық алқап.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, бүгінде аудандағы асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4314 басты құрайды екен. Оның 3176 басы қазақтың ақбас, 6 басы әулиекөл, ал 1132 басы Абердин ангус тұқымды мүйізді қара.

Ауданда мал бағып, шаруасын үйіріп отырған қожалықтың  бірі – «Жарасбек ата» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Пернебек Ерубаевтың айтуынша, шаруашылық 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. 2017 жылы асыл тұқымды қой өсіруші шаруа қожалық ретінде тіркелген. Бүгінде 720 бас уақ мал, 50 бас жылқы бағып отыр. Оның иелігінде 1100 гектар егістік алқап бар. Онда арпа, бидай, мақсары мен жоңышқалығы орналасқан. Осы алқаптардан қожалық мал азығын дайындауда.

Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.

 

Сарысу ауданы