Берекесі артқан Боралдай
Бүгінгі таңда Боралдай ауылдық округінде жұмыс істеп тұрған 294 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 2-еуі заңды тұлға болса, 246-сы шаруа қожалық, 46-сы жеке кәсіпкер. Олар 361 адамды жұмыспен қамтыған. Осы ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан 6770 гектар егістік алқап игерілуде. Мал басында да өсім бар. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 15 пайызға артқан.
Округ әкімі Бауыржан Абдалиевтың айтуынша, қазіргі таңда егін және мал азығын дайындау жұмыстарына округте 71 трактор, 16 комбайн араласуда. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында округте өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг жүйесімен 10 ауыл шаруашылық техникасын сатып алған. Оның екеуі «МТЗ» маркалы трактор болса, сегізі ауыл шаруашылығы тіркемелері.
Округке инвестор тарту арқылы Көлтоған ауылының тумасы «БМК» акционерлік қоғамының директоры Свамбай Аринов 50 басқа арналған сүт тауарлы фермасын және шағын сүт өңдеу цехын ашпақ. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер ауыл маңынан қараусыз қалған ғимаратты сатып алып, құжаттарын реттеу үстінде. Жақында танкер орнатып, құрылыс жұмыстарын бастап кетпек. Ал «АгроОрдахан» шаруа қожалығы Көлтоған ауылындағы ескі «МТМ» ғимаратының орнынан 50 басқа арналған кіші сүт өңдеу цехын ашуды, мал азығын басу үшін жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуды және астық сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр.
Жол бойындағы сервистік қызметті жандандыруды көздеген ауыл тұрғыны Ертай ауылының жанынан жанар-жағармай құю бекетін ашпақ. Бүгінгі таңда кәсіпкер Бекзат Шалхарбаев эскиздік жобасын әзірлеп, аукционға қатыспақ. Ниеті таулы аймақта тұратын ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Аграрлық кредиттік коорпорация» АҚ облыстық филиалы арқылы жеңілдетілген алты пайызбен бес жеке кәсіпкер 21 миллион 800 мың теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 4 жұмыссыз жас ие болған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының жеңілдіктерін пайдалана отырып, 4 кәсіпкер кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Ал шағын қаржы ұйымдарынан 6 азамат неcие рәсімдеген.
Шаруалар мемлекеттен берілетін субсидияларды да уақтылы алып, жұмыстарын жүйелей түскен.
- «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында округте бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа Рысбек батыр ауылының кварталішілік газ құбырлары жүргізілді. Сөйтіп округке қарасты 3 елдімекен табиғи газға қосылды. Республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражат есебінен Рысбек батыр ауылы таза ауыз су жүйесіне қосылды. Қазір округке қарасты барлық елдімекенде таза ауызсу бар. Ертай ауылындағы 159 электр бағаны темірбетон бағандарына ауыстырылып, кабельдері жаңартылып, қуаттылығы жоғары трансформатор орнатылды.
Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелеріндегі 73 ескірген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен ауыстырылып, электр сымдары жаңартылып, қуаттылығы жоғары трансформатор орнатылды. Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелері жарықтандырылды. Облыстық мәндегі Б.Момышұлы-Қошқарата бағытындағы 33-45 километрді құрайтын автомобиль жолының 6 километрі жөнделді. Аудандық бюджет есебінен Көлтоған ауылындағы Рысбек батыр көшесі мен Әмір көшелеріндегі жалпы ұзындығы 1,6 километрді құрайтын ауылішілік жолдар орта жөндеуден өтті. Рысбек батыр ауылында «250+» бағдарламасы аясында «Kcell» байланыс операторының «3G» байланыс желісі іске қосылып, интернет жылдамдығы артты. «Асар» жобасы аясында бір үй салынды. Ертай ауылы тұрғындарының және ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен «Құлбайымбет» мешітінің артында сыйымдылығы 100 адамға арналған ас тарату ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Рысбек батыр ауылындағы «Үрзада апа» ескі мешітінің орнына жаңа мешіт бой көтеріп, 50 адамға арналған асханасымен және халал дүкенімен бірге салынып, табиғи газға қосылды. «Жомарт түлек» жобасы аясында Сүгірбай Байтіков атындағы орта мектебінің 2002 және 2012 жылғы, сонымен қатар 1972 мен 2007 жылғы түлектері «Тұрыс баба» мешітінің біраз шаруасының шешімін табуына көмектері тиді.
Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен 4 үй және 3 мешіт табиғи газға қосылса, асыраушысынан айырылған бір отбасына екі бас тана алып берді. Сондай-ақ, мереке күндері аз қамтылған көп балалы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылып, әр түрлі көмектер тұрақты түрде берілуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы