Келушілерге кеңес берілді
Тараз қаласындағы «Grand Bazaar» сауда орталығында облыстық Жастар ресурстық орталығы «Жастармен бірге!» онкүндігінде «Eңбек – бәрін де жеңбек» жобасы аясында жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық кеңес беру іс-шарасын өткізді.
Халықаралық жастар күні қарсаңында ұйымдастырылған кеңес беру алаңында түрлі сала мамандары қабылдау өткізіп, қала тұрғындарының көкейіндегі сауалдарды тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен оның мүмкіндіктері жайлы кеңінен баяндады. Мәселен, іс-шара барысында облыстық әділет департаментінің заң кеңесшісі, мемлекеттік сот орындаушы, жеке сот орындаушы (алимент өндіру, несие, атқарушылық өндіріс), адвокат, нотариус, «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының өкілі, Тараз қаласының «Мансап орталығы» мен облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары өз салалары бойынша жастар мен тұрғындардың мазалап жүрген сауалдарына жауап берді. Осылайша тұрғындар ақпараттық кеңес беру алаңына қатысу арқылы сала мамандарынан жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі, мемлекеттік бағдарламалар, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды, азаматтық хал актілерін тіркеу, алимент өндіру, атқарушылық өндіріс, азаматтық хал актілерін тіркеу сұрақтары, қайтарымсыз несиелер мен гранттар және тағы басқа да бағыттар бойынша жан-жақты кеңес алды. Мәселен, облыс орталығындағы «Аspan ASIA» ЖШС Жамбыл филиалында сауда өкілі болып жұмыс істейтін Гүлбану Әбдікаримова «Отбасы банк» филиалының маманына тұрғын үй мәселесі бойынша жолығып, кеңес алды. Ол: «Балам осы банктің салымшысы болып табылатындықтан, пәтер алу үшін қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұрап-білу үшін келдім. Банк өкілі Ләззат Панбаева сауалыма нақты жауап беріп, бағдарламаның мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндірді», – десе, аталған банктің кеңесшісіне қайырылған тағы бір келуші Әсел Кекимова жақында 18 жасқа толған ұлына «Отбасы банктен» есепшот ашу жолдары туралы толық ақпарат алғанын айтты. Екі сағатқа созылған іс-шара барысында заң кеңесшісі, сот орындаушылары, адвокат, тағы басқа да сала мамандарына кеңес алу үшін қайырылған тұрғындар мен жастардың қарасы мол болды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП