Жаңалықтар

Қала сәнін кетірген құтылардан қашан құтыламыз?

Жаяу жүргінші жолына түсіп, көше бойлай жүріп келе жатқанымда көзіме оғаш көрінген көрініс – көгалдандыру үшін орнатылған су бүріккіштердің басына кигізілген пластмасса бөтелке. Бәрінің белінде сауда белгісі қып қызыл болып жапсырылған «Coca-Cola» деген сусын атауы ерекшеленіп жарқырап тұр. Бір қызығы ол пластик құтылар автоматты су бүріккіштің қызметін мінсіз атқаруда. Бірақ...

Мұндай көріністі қаланың қақ ортасы Төле би көшесінің бойынан да көруге болады. Бұл көше бойында қала әкімдігінің, Орталық алаңның, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының, Кеңесбек қажы мешітінің, Қ.Рысқұлбеков саябағы мен басқа да маңызды мемлекеттік нысандардың орналасуына қарамастан белінде сауда жапсырмасы бар «Coca-Cola» құтылары жасыл желекті ылғалдандыру қызметін қалтқысыз атқаруда. Мәселен, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрынан басталған су бүріккіштің бір-екеуі болмаса, қалғанының барлығына баклашка кигізілген. Қарсы бетте де дәл осы көріністі көресіз. Осындай көрініс көзіңізге «Арал» кафесінен өткеннен кейін де Қ.Рысқұлбеков саябағының тұсына дейін жалғасады.

Жалпы, баклашка кигізілген су бүріккіштерді қала ортасындағы саябақтар мен аллеялардан да кездестіруге болады. Жақсы, біздің көзіміз мұндай көрініске үйреніп қалған. Ал шет елден келген туристке бұл қызық көрінері анық. Талай жерді аралап жүріп, автоматты су бүріккіштің орнын алмастырған пластик құтыны тек Тараз қаласынан-ақ кездестіресіз. Қызығы, шаһардың бір тұсында су бүріккіштер күнәра жұмыс істеп тұрса, ендігі бір тұсы қурап жатыр. Мәселен, Төле би көшесінің Киікбаев орта мектебі тұсындағы тал-дарақтар судан тарығып тұрғанына біраз уақыт болды. Бой алып қалған арша-шыршалардың түсі оңып, қурауға айналған. Ал жасыл шөп атаулы баяғыда-ақ күнге күйіп кеткен.

Тағы бір мәселе, су бүріккіштердің жұмысы жүйеленбеген. Көбі істен баяғыда шыққан. Қ.Тұрысов көшесінде кейбір су бүріккіштердің түбінен су кетіп, айналасын көлшікке айналдырған. Ал, бірсыпырасы жаяу жүргінші жолына су шашып тұр. Саябақтар мен аллеяларда да жұмыс істемей тұрған су бүріккіштер көп. Оны айналасы тақырланған, ағашы сарғайған тал-дараққа қарап аңғару қиын емес.

Бұл мәселе бойынша «Жасыл ел – Тараз» ЖШС-не хабарластық. Мекеме директорының орынбасары Айдын Бейсековтің айтуынша, су бүріккіштерді бәзбіреулер бүлдіріп кеткен соң осындай қадамға барыпты.

Қалай дегенмен, біз айтқан мәселе қала әкімінің назарына іліккен соң оң шешімін табады деген сенімдеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы