Жаңалықтар

Туған жердің тартуы

Қазақ дзюдосының деңгейін көтерген Елдос Сметов құрмет-қошеметтен кенде емес. Бір пенденің ғұмырындай жасында Парижде атой салған саңлақты ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы құттықтаса, кейінірек даңқты палуанды Жамбыл жұрты зор қуанышпен қарсы алды. Осынау салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Әулиеата өңірі халықаралық деңгейдегі спортшылар легін даярлайтын орда екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізген еді.

Ал, бірер күн бұрын кіндік қаны тамған Т.Рысқұлов ауданына атбасын бұрған саңлақ құландықтардың ыстық ықыласына бөленгені рас. Бұл күні аудан жұртшылығы өз ұланын Құлан ауылының батыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Қонақтардың құрметіне ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық нақышта киінген қыздар дәм ұсынды. М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары құландықтардың әнұранына айналған «Келші, Құланға» әнін әуелете шырқады. Бұдан кейін, төрт жылда бір айналып соғатын ұлы аламанның жеңімпазын қарсы алу рәсімі көліктердің салтанатты шеруіне ұласты. Осы тұста тұлпар мінген ауыл жастары бұл бастаманың ортасынан табылып, шерудің ажарын аша түсті. Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында да жалғасын тапты. Мұнда екі мыңнан астам аудан тұрғыны Елдостай ерге құрмет көрсетті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтау сөз сөйлеп, әйгілі спортшыға жерлестерінің атынан темір тұлпар сыйлады. Сондай-ақ, ол спортшының әкесі Бақтыбай, анасы Тоқтагүл және алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл мен бүгінгі ұстазы Ғалымжан Жылгелдиевке де ілтипат білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Олимпиада чемпионы мен жиналған қауымға ақ батасын берсе, мәдениет саласының қызметкері Қайрат Байсариев арнау айтып, жырдан шашу шашты. Мұнан соң, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов сөз алып, туған халқына шынайы ризашылығын жеткізді.

Ал, кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл кеште әнші Нұрислам Сәменқұловтың «Біздің Елдос» атты туындысының тұсауы кесілді. Еске салсақ, біздің жігіт қатарынан үш бірдей Олимпиада ойындарында үш түрлі жүлдені иемденіп, аты аңызға айналған спортшы. Құландық палуан Париждегі аламанның ақтық сынында миллиондаған француз көрермендерінің алдында сол елдің ақ үміті Лука Мхеидзені жеңді. Осылайша, ер Елдос 32 жасында мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді. Бұл – Қазақстан дзюдо тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы алтын медалі!

 

Есен ӨТЕУЛІ