Кемелдік Көкжиегі
Әлемде 200-ден астам мемлекет бар десек, соның 60 пайызында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған екен. «Абай тау секілді. Біз сол тауды тану үшін сапар шегіп келе жатырмыз. Абайдың кереметі сол – біз жақындаған сайын, ол биіктей түседі», деп аймағымыздың абайтанушысы, тіл жанашыры Базарбай Дүйсенбаев айтқандай, шығармалары әлем әдебиетінің озық үлгілерінің төрінен ойып тұрып орын алған, ғасырлар қойнауын кемел кемесімен жарып келе жатқан көне данышпандардың ішіндегі жаңашылы, ұлы ақын Абай есімі қазақ халқының ұлттық санасы мен рухани жаңғыруының символы.
Абай сөзінің қуаты, Абай тілі астарындағы сезім сиқыры, Абай жолындағы соқтықпалы, соқпақсыз сүрлеулер, «Адамзаттың бәрін сүй» деп, ұлт шеңберінен ғарыштық деңгейге шығандап кеткен ғұламамыздың бүтін болмысы қазақ халқының бүкіл бейнесін беретіндігімен, елдігімізді паш етіп, жұртымызды жаһанға танытатындығымен ерекшеленеді.
Қай заманның ұрпағы болмасын, Абай мұраларына шөліркеп, Абай тәліміне табан тіреп, Абай қарасөзіне арқа сүйеп, әндеріне сүйсініп, өзіне осыншама ынтық болуының себебі неде?!.
Әулиеата аспанын тамылжытып, 10 тамыз – Абай күніне орай өткізілген халқымыздың ұлы ақыны, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Ұлы даланың дара данышпаны: Ұлы ақын әлемі» атты әдеби-сазды кеш осы сауалға жауап іздегендердің басын қосты.
Хакім ескерткішіне тәу етуден бастау алған кемеңгерлік сағатына Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» 1-ші полиция батальонының полицейі, полиция аға сержанты Мейірхан Райымбек Нағашбекұлы, «Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Дүйсенбаев Базарбай Рысбайұлы, ҚР Білім беру ісі мен Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Үміт Қыранқызы және облыстық мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген қонақтар Абайды тану, оның шығармаларын терең меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне дұрыс қолдана білу әр адамның парызы екенін, ал оны оқып үйрену, жан-жақты талдай білу, Абай тұңғиығына үңілу бүгінгі ел болашағының міндеті болып табылатынын баса айтса, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Жанатбек Кәдіров, Айгүл Мақашева, сондай-ақ, Мерей Абуева, Бахром Муминов, Диас Әбілеков, Нұрберген Қырғызбаев сынды таланттар Абай шығармаларынан ән орындап, күй шертіп, өнер көрсетті.
Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық-ай», «Айттым сәлем қаламқас», «Сегіз аяқ» әндері мен «Май түні» атты күйі, жатқа мәнерлеп оқылған өлеңдері мен қарасөздері көрермендердің құлақ құрышын қандырып, осынау шоқтығы биік шығармалардың қашанда өз тұғырынан түспейтін өміршеңдігін тағы да дәлелдеді.
Абай рухына тағзым ету, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру, өлеңдері мен қарасөздері арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, білімге деген құштарлығын арттыру, бойларына сұлулық, көркемдік қасиеттерін дарытып, оларды әрдайым мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, отаншылдыққа, жаман әдеттерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапхана жүйесі ұжымы ұйтқы болды.
Үміт БИТЕНОВА