Буллингтің алдын алу нәтижесіз емес, бірақ...
Барлық бала бақытқа лайық, бірақ қайта оралмас балалығында қорлық көретіндер кездеседі. Әсіресе, әлдекімдерден әлімжеттік көру баланың болашағына балта шабатыны жанға батады. Буллингтің алдын алу, тіпті орын алған жағдайда жолын кесу үшін атқарылып жатқан жұмыстар бар. Осы бағытта арнайы жобалар да жүзеге асырылуда. Бірақ, ел ішінде буллингке тап болған балалар бар екенін зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.
Облыста буллингтің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан 2 пилоттық жобаның бірі «Komek Stop Bullying» телеграм каналына 400- ден астам хабарлама түскен. Оның 270-і жазбаша хабарлама болған. Олардың 14-і буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, 2-уі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы. Ал, 20- сы мұғалімдерге, 7-уі ата-аналарға шағымданған, 33-і көңіл-күйлерін білдіру түріндегі жазбалар, 171-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар. Облыс әкімдігінің білім басқармасының Қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбековтің айтуынша, буллинг, бопсалау, тиісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұғалімдер мен ата-аналарға шағымдану жөніндегі 66 шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланған. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралыпты. 37 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілген.
Буллингті болдырмау үшін жүргізіліп жатқан жобаның тағы бірі – «Бестерек». Бұл білім басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыс мектептерінде өткен жылдан бері «тәуекел» тобындағы балаларды анықтап, олармен профилактикалық алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Жобаның бірінші кезеңінде 634 жауапты білім мекемелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарымен қамтылса, екінші кезеңде 15 қаңтардан бастап 638 педагог-психологтар мен 445 мектеп директорларына арналған оқыту курстары ұйымдастырылыпты. Осы жобамен биыл жүргізілген диагностикалаудың нәтижесінде жасыл аймақтағы 52162 оқушы, сары аймақтағы 511 оқушы және қызыл аймақтағы 20 оқушы анықталып, олармен түзету жұмыстары қазір де жалғасып жатыр.
Алайда, бұл іске мекеме қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да жауапты болса, бала үшін қауіпсіз қоғам құру әлдеқайда жеңілдер еді. Осы оймен біз баланың буллингке ұшырағанын ата-ана неден байқауы керек және нені ескеруі тиістігін психолог маманнан сұрадық.
Ел болашағы жарқын болуы үшін балалар мен жасөспірімдердің бүгіні бақытты әрі кемел тәлім алғаны аса маңызды. Қорқып-үрку мен өтірікке бейімділікті бойға сіңіру толыққанды дамыған тұлға қалыптастыруға мүлдем кереғар. Осыны естен шығармай, келешегіміздің бақыты үшін бүгінгімізге мұқият болайық дегіміз келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА,
журналист