Жаһан

Аманат

Жамбыл облысының тарихын айтқанда есімін айтпай кетуге болмайтын тағы бір дара тұлға – ҚР мәдениет қайраткері, театртанушы және драматург Әлібек Әмзеұлы. Жазушы Мақұлбек Қайыпбекұлымен бірге соңғы бесжылдығында етене жақын араласып, екеуі қазақи нағашы-жиен әзілдері жарасып, ортада тұщымды, тағылымды әңгімелерін бір-бірін қолдай отырып айтатындары ақсақалдықтың әдемі келбетін көрсеткен еді. Баршамыз соның куәсі болдық. Әлібек ақсақал 2020 жылы «Менің заманым мен замандастарым» атты қос томдық кітабын көпшілік қауымға ұсынды. Бұл кітапты жазу туралы ой қайдан келді, не түрткі болғанын соңында «Аманат» деген атаумен берген екен. Жазба Мақұлбек Рысдәулеттің болмысын аша түскен. Сондықтан да бұл жазбаны жазушы-журналистің құрметіне дайындалған осы бетте өздеріңізге ұсынуды жөн санадық.

Мен осы кітапқа байланысты ойымды қорытындыласам деймін. Бұл менің айтарымның таусылғанынан емес, жазу столына ұзақ отырудың қиындап бара жатқанынан деп түсінген жөн болар. Ұзақ уақыт бойы қағазға үңілудің қиын, тіптен кейбіреулер үшін азап екенін түсіну керек сияқты.

Азаптанып отырып өкіндім. Осыдан отыз жыл бұрын неге бастамадым? Сонда қиындығына төселіп, көндігіп кетер ме едім. Кім біледі?

Ендеше отыз жыл бұрын бастай алмаған, тәуекелге бара алмаған ісіме жасым егде тартып, қайраттың кеми бастаған тұсында мойын бұруыма себеп болған не нәрсе?

Шегініс.

2015 жыл. Қазақ халқының хандық құрып, мемлекет болғанына 550 жыл толуына арналған мерекенің дайындығына кірісіп кеткен шақ болатын. Үгіт-насихат жұмыстарының бір парасы – жергілікті халық арасында облысымыздың көлеміндегі мән-мағынасы терең тарихи орындардың тарихы мен маңызын, ел тарихындағы орнын насихаттау, халық өнерін дәріптеу сияқты ауқымы кең, салмағы ауырлау міндетті мойнымызға артып, біраз кісі жолсапарға шықтық.

Сапарласымның бірі – белгілі журналист, бірталай кітаптың авторы Мақұлбек Рысдәулет болатын. Облысымызды түгелге жуық аралап шыққандықтан біраз уақыт бірге болуымызға тура келді. Әңгімелесеміз, пікірлесеміз, арасында өміріміздің өткен-кеткені, әртүрлі кісілермен аралас-құраластығымыз туралы еске аламыз. Не керек, осы ұзақ сапарымыз күндіз-түні бірге жүрген Мақұлбек бауырыммен ашық-жарқын әңгімеге тола болды. Ол көбінесе тыңдайды. Кейде әлде бір нәрселерді қалта блокнотына жазып алып жатады.

Осындай күндердің бірінде: «Жаз! – деді. – Осының бәрін, маған айтқандарыңның бәрін жаз! Осы ойларыңның бәрін жазып қалдырып кетуге міндеттісің! Өзіңмен бірге алып кетуге хақың жоқ! Жаз!». Бұйырып айтты. Көзі ақшиып кеткен. Мен үндемедім.

Ертеңіне «Таға» деді (Ол мені нағашысынып «Таға» дейтін). Бұл жолы дауысы сынық шықты. Басыңқы үнмен маған біраз уақыт лекция оқыды. Намысымды жанып айтты. Іссапардан оралғаннан кейін де «жаз» деп қайта-қайта мазалаумен болды. Ақыры бастаған едім. Алғашқы материалдарды оқып, балаша қуанды. Ақыл-кеңесін айтып жүрді, бағыт-бағдарын берді. Кітаптың жоспарын да түзіп қолыма ұстатты. Бүгіндері мына жазғандарыма қарап отырсам, оның жасаған сол жоспарының жартысын да орындамаппын...

Ал Махаң болса (Мақұлбекті осылай атаушы едім) жоспарын сызып, тапсырмасын беріп, кенеттен мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Оның берген тапсырмасын орындаймын деп жанталасып мен жүрмін. Махаңның тапсырмасын жан - жүрегіммен қабылдағандықтан ба қайдам, кенеттен шыға келіп: «Ал қане, Таға, не істедің, не тындырдың?» деп менен есеп алатындай болады да тұрады.

Ол небары жетпіс жас қана жасады. Одан әрі ұзай алмады (Екі-үш жыл бұрын жұбайы Дәметкен ойда-жоқта бақилық болған еді). Соңғы төрт-бес жылда пікірлес, сырлас болып жиі араласып тұрдық. Әсіресе, Дәметкен кеткеннен кейін әжептәуір жалғызсырап жүрді.

Шерхан аға (Мұртаза) «Бір кем дүние»-сіндегі «Ай мен Күн туралы» деген сұңқар сөзінде: «Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген (Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды) жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш–Баян Сұлу, Ләйлі–Мәжнүн, Жүсіп–Зылиха, Сейпілмәлік–Жамал – қайсыбірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы» деген екен.

Ал Мақұлбек пен Дәметкенді қатыгез ажал ажыратты. Дәметкен өмірден өткен соң, Махаң да сыңарқанаттанып қалды. Келіншегінің тірі кезіндегі қылықтары есіне түсе ме қайдам, кейде еңсесін көтеріп, өзінше өрекпіп қалатын кездері болатын. Бірақ көп ұзамай-ақ мұңданып, көзі жасаурап шыға келетін.

2019 жылдың шілде айында Досымхан Аралбаев деген азамат Махаң екеумізді Көкшеге демалуға шақырды. Астана әуежайынан күтіп алған Досымхан аяқ-қолымызды жерге тигізбей, көлікке отырғызып алып, «Шортанды» санаториясына тартты.

Ертесіне таңғы астан кейін екеуміз сыртта отырып, ұзақ сөйлестік. Сол жолы Махаң өзінің өмір жолындағы біраз бұралаң бұлтарыстар турасында айтқан еді. Жастау кезіндегі бала болып ойнап, бал дәурен шақты көре алмай өскен өмірі үшін өкініші бар екенін, жасөспірім және бозбала шағында да соның әсерін сезініп өскенін, тіптен жасы жетпіске келгенде де сол бір кемшін өмірдің зардабын тартып келе жатқанын таусыла айтты. Өзінің орны толмас өкініштерінің бірі – жасынан қанына сіңісті болып кеткен осы бір жайсыздау қылығы біраз азаматпен достығына сызат түсіргенін де жасырмады. Әрине, дәл қазір Махаң қасымызда жүрсе бұл әңгімені қозғамаған болар едім.

Түсіндім... «Атаңа нәлет, атадан алтау тусаң да – бір жалғыздық!» деген осы екен-ау», – дедім. Қол алыстық.

Оның сөзінен байқағаным – Дәметкен оның музасы болып қалған екен. Онсыз өмірінің мәні мен қызығы ортайған. Мына атқарып жүрген қызметімен өзін алдарқатып жүретінін, «аз уақыт болса да немерелерімнің қасында жүре тұрсам» деген арманы бар екенін айтып еді. «Төрге шықсам «күн» дейтін, төменге түссем күндейтін мына заманда сендердің қастарыңда жүре тұрсам ба деген ниетім бар», деген. «Аттың нарқымен қасқырдың ісі жоқ, адамның нарқымен тағдырдың ісі жоқ» деген сөз қалған екен ілгеріден. Рас сөз, өмір өз дегенін істеді.

Аз уақыт болса да сыйластық, сырластық, пікірімізді ортаға салдық. Келіскен де, келіспеген де кездеріміз болған шығар. Ең бастысы біз бір-бірімізге шын жанашырлықпен қарап, шынайы қарым-қатынас жасадық. Бұл аз олжа емес болатын. Әйтпесе қанша дос саналғанымен бақай есептері есінен кетпейтіндерді де көрдік. «Босаған тіс бекімейді» демекші көңілің бір шытынаған соң, енді соның зардабы басқаға тимесе екен деп тілеу орынды болар.

Махаңның жақсы бір қасиеті – өзгенің жақсы ісіне балаша қуануы. Кейде беймезгіл уақытта телефон шалып, «Естідің бе, Таға!?» деп естіген жақсы хабарларын лапылдап баяндап жататын. Сонда сол айтып отырғандарының өзіне еш қатысы жоқ, бірақ ол қуанышты. Бұл әркімнің маңдайына жазылмаған бақыт болатын.

ТАРПАҢ ТАҒДЫР

Мақұлбек Рысдәулетке

Сыртың сұсты болғанымен, ішің күндей,

Қатар шыққан сөзің мен ісің бірдей.

Сен де кеттің мәңгіге тым асығыс,

Тарпаң тағдыр сырларын түсіндірмей.

Қап түбінде шын асыл жатады ма,

Жуалыда тудың да, Бақалыда.

Қаламыңның ұшына кие қонып –

Сөз арнаған сирек ең қатарыңа.

Асқан кезде бір жүрген шақтар қырдан,

Асыл деген артына ат қалдырған.

Е, Мақұлбек ағасы, өмір осы –

Азаматты асығыс аттандырған.

Арманынан жаралған Арыстардың,

Сол бір күндер бізден де алыс қалдың.

Бүгінгідей есімде Жезқазғанда –

Жағасында Кеңгірдің танысқан күн.

Сарыарқада, Қаныштай ірісі көп,

Жақсы ағаның жүруші ек інісі боп.

... Дәметкендей әпкемді аяладың –

Ырысдәулет үйінің ырысы – деп.

Сол бір шақтар көзімнің қарасындай,

Ұлытауға жарасар дара шыңдай.

Қайран күндер «Жезқазған туындағы»

Барлық ұжым бір үйдің баласындай.

Жарқырап бір қайтатын жарық тойдан,

Болмысыңды әп-сәтте танып қойғам.

Сол өлкенің шежіре беттерінде –

Өзіңнің де қолтаңбаң қалып қойған.

Керуенің бұрылса ауылыңа,

Салтанатың сән қосқан сауығыңа.

Шерағаң да сырларын саған шертіп –

Көне Тараз басқанда бауырына.

Тұсың еді өмірде бір өрлеген,

Қара сөзбен қасқайып, жыр өрген ең.

... Өткені мен кеткенін сол өңірдің-

қара сөзбен Мақұлбек түгендеген.

Таңы сайран өмірдің, кеші мұңды,

Мамық етсін мәңгілік бесігіңді.

Өміріңдей өзіңнің өлең өріп –

Аялаумен өтеміз есіміңді.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Абай атындағы Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері

Қарамағында жұмыс істейтін бір әйел баласының тағдырына қатты алаңдайтын. Қазақы мінезінен болар, «обал, сауап» дегендерге өте мән беріп жүретін.

Бауырым-ай, кейде өзіңе-өзің кейіп, ызаланғаннан өз теріңе өзің сыймай кететінің бар еді. Бірде «Бүйтіп көрген күн құрысын, жапырақтай қалтырап» дегенді кім айтқанын білесің бе? – деп сұрадың да, өзің жауап бердің. – Жамбыл айтқан екен. Сонда ол кісі кім туралы айтты? Мына мен сияқты бейшаралар туралы!» Жанарыңа жас толып тұр екен. Мен саған ештеме дей алмадым.

Тағы бірде үйге бетің алабұртып, ашуыңды баса алмай келдің. Шай үстінде де өзіңе-өзің келе алмай, шалт қимылдарың молайып, мазасызданып отырдың. Мен де «не болды?» деп сұрай қоймадым. Сонан соң сұқ саусағыңмен дастарханды шұқып тұрып «Жаз!» дедің. Дауысың қатқыл шықты. «Жаз! Бұларға енді сол керек! Бұлар адамдық сипаттан шығып барады. «Жаз» деген соң жаз! Барлық құжаттарды мен тауып беремін!» дедің. Сөйттің де орныңнан шалт тұрып, шығып кеттің.

Әлдебір кісілердің тірлігінің саған ұнамағаны анық. Солардың сөзі немесе ісі сенің жүйкеңді жұқартқаны да анық, Мұха! Мүмкін сен соны маған айту үшін келген боларсың? Айтпадың. Мен сұрамадым. Бірақ ішім құрғыр сезеді... Пиғылдарынан, көзқарастарынан байқаймын. Олар жалғыз-жарымдар емес, көп... Өте көп.

Маха, бірде сен «Бұлар машиналарын іске қосады. Сонда саған қиын болады», деген болатынсың. Мен ол қысымға дайын едім. Жайшылықта сыйлас болып жүрген кейбіреулер маған танауының тесігінен қарайтын болыпты. Сызданып тұрып маған ақыл айтатын болыпты. Маған тіке емес, көзінің қиығымен қарайтын болыпты. Би-ша-ра-шылық! Мен бұларды түсінбей жүргенім жоқ, Маха! Олар саған ойын естіртіп жүрсе, маған қылықтарымен көрсетіп жүр және олардың кейбір нақұрыстары менімен бетпе-бет келгенде мені көрмейді. Міне саған керек болса. Бұл біздің жеткен жеріміз, яғни жетістігіміз, шыққан биік шыңымыздың түрі, Маха!

Ал, халайық! Осы данышпандарымыз талап еткен, іздеген, армандаған «Ізгілеріміз» қайда? Оларды қайдан іздейміз? Қайдан табамыз? Олар бар ма?

Маха! Сен болсаң мәңгілік мекеніңе жайғастың.

Мүмкін «Ізгілік» деген ұғым мына жер бетіне жаттау болып тұрса, ізгі деген адамдардың саны қанша болды екен, а?!.

Мақұлбек бауырым!

Сен «Жаз!» дедің. Мен жаздым.

Сен «Айт!» дедің. Мен шаманың келгенінше айттым! Маған артқан аманатыңды орындауға тырыстым. Ендігісін төреші халық айтар...

Иманың жолдас болсын, Бауырым!

 

16.12.2020 жыл.

Тараз қаласы