Жаңалықтар

Тазалыққа әр тұрғын жауапты

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» атты республикалық экологиялық акциясы аясында Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы су айдындарының маңайын тазалау, күл-қоқыстарды шығару және шөптерді жұлу жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға ауыл тұрғындары, жастар, еріктілер және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Акция барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, барша тұрғындарға алғысын жеткізді.

Экологиялық акция аясында тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстарды заңсыз жерге тастағаны үшін 48 тұрғынға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505 бабына сәйкес ескерту беріліп, заңсыз тасталған 380 тонна күл-қоқыс шығарылған. Жалпы аудан бойынша елді мекендерге кіреберіс автомобиль жолдары бойындағы ағаш көшеттері әктеліп, 500 шаршы метр авто тұрақтарды арам шөптер мен күл-қоқыстардан тазарту, 2000 шаршы метр аумақта шөптерді шабу, 20 шақырым өзендердің жағалаулары мен арналарын тазарту жұмыстары жүргізіліп, 50 дана жол белгілері шаң мен кірден, 32 шақырымнан аса арық және каналдар қоқыстан тазартылды.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында 1500 түп талдың құрғақ бұтақтарын кесу, 34 000 шаршы метр жасыл желектерді суару, 2800 шаршы метр пестицидтермен бүрку, 2000 шаршы метр минералды тыңайтқыштарды қолдану, 1000 шаршы метр көгалдардың бетін тарау жұмыстары атқарылды.

Жалпы акция басталғалы ауданда 4000 ағаш көшеті мен Аса ауылындағы орталық алаң аумағында және ауданға қарасты 42 елді мекенде 14444 түп бір жылдық гүл көшеті отырғызылған. Жалпыұлттық экологиялық акциясын атқарудың бекітілген жоспарына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойына жалғаспақ.

Т.РЫСҚҰЛОВ

Тұрар Рысқұлов ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автожолының бойында орналасқан «Дулат баба» кесенесіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған аудан жастарымен қоса, қоғамдық жұмысшылар, зиялы қауым өкілдері белсене қатысып, кесене аумағы күл-қоқыстардан тазартылып, гүлзарлар абаттандырылды.

Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде аталмыш кесененің аумағына Көкдөнен ауылының тұрғындары 30-дан аса жеміс-жидек көшеттерін отырғызып, абаттандыру шараларын ұйымдастырған болатын.

Жалпы ауданнан 6 мыңға жуық адам экологиялық акцияның сенбіліктеріне атсалысып, жоспарлы желілік кестеге сәйкес, 6 әлеуметтік нысан, 2 көп қабатты және 50- ден астам ардагерлер мен қарттардың үйлерінің аулалары тазаланып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, аудан халқы 40 шақырым каналдар мен арық жүйелерін, 18 саябақ пен 15 скверді күл-қоқыстардан арылтты, 1100 түп тал-дарақ отырғызылып, 200 шаршы метр төсеніш жабындылары (брусчатка, плиткалар) ауыстырылды, 600 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 50-ден астам техника жұмылдырылды.

Аймақта экологиялық акцияны жыл соңына дейін жалғастыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес тазалық жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

САРЫСУ

Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманәлі Орымбаев, облыстық мәслихат депутаты, аудандық кітапхананың директоры Айтбала Жолмаханова сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығына тоқталды.

Аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға, акцияға белсене ат салысуға шақырды.

Акцияға аудан тұрғындары, мекеме және кәсіпорындардың ұжымдары, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен депутаттар, аудан жастары қатысты.

Олар аумақтарда, қоғамдық орындарға, аулаларға, мекеме ғимараттарының маңына тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыстардан тазартты.

МОЙЫНҚҰМ

Биыл көктемде бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді тұрғындар ғана емес, түрлі мекеме қызметкерлері мен мамандар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экологиялық акция аясында Мойынқұм мен Бірлік ауылдарының аралығындағы тасжолдың бойы қоқыстардан тазартылды. Іс-шараға аудан әкімі аппаратының, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен Мойынқұм, Жамбыл, Қызылотау, Қызылтал және Бірлік ауылдық округтерінің әкімдері мен мамандары белсене атсалысты. Бұл ігілікті істен 30 жастың басын біріктіріп отырған «Жасыл ел» еңбек жасағы да шет қалмады. Аудан орталығының кіреберісінен бастау алған жұмыс барысында жол бойындағы түрлі қоқыстар жиналып, жол-жөнекей Жамбыл, Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков, Бірлік ауылдарына кіретін тоғандардың жағалауы да тазартылды.

Жалпы, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданда жүргізіліп жатқан экологиялық шараға ауыл тұрғындары, спортшылар мен жастар біркісідей жұмылып, тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күні кеше аудан орталығы – Мойынқұм ауылының кіре берісінде орналасқан Шу өзенінің айналасы қоқыстардан тазартылды. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдық «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары бұл жолы да білектерін сыбанып, акция аясында ұйымдастырылған іске белсене атсалысты. Жалпы, бұл күні атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 көлікке жүк болған қоқыс қалдықтары жиналып, өзен жағалауы барлық пластик ыдыстар мен шиша қалдықтарынан тазартылды.

Экологиялық акция ауданда жыл соңына дейін жалғасады.

ШУ

Жалпыұлттық экологиялық акцияны жамбылдық тұрғындар белсенді қолдап, бүгінде өңірдің барлық аудандарында санитарлық-тазалық іс-шаралары ұйымдастырылуда.

Мәселен, жақында ғана бір топ азамат Шу қалалық мәдениет үйінің маңындағы көпқабатты үйлерді күл-қоқыстан арылтып, оның айналасындағы арық-атыздарды тазалады. Бір қызығы, аталған акция барысында 50-ге жуық жалынды жастар арасында өзара сайыс ұйымдастырылған. Осылайша, тазалық жұмыстарына жұмылдырылғандар бас-аяғы 6 командаға бөлініп, қоршаған ортаны аялаудың ерен үлгісін көрсетуге тырысқан.

Айта кетейік, осы күні тұрғын үйлердің маңын көріктендіру жұмыстарында «Жасыл Ел – жастары» командасы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, жүлделі ІІ орынды «Шудың бойында» құрамасы қанжығалады. Ал, тазалық акциясында айрықша көзге түскен «Алаш» командасындағы қыз-жігіттер бас жүлдеге лайық деп танылды. Бастысы, игі шараға қатысқан жастардың экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қараудағы көзқарастары дүйім елді сүйсінтті.

 

«Aq jol»-дың тілшілер тобы:

Нұрболат АМАНБЕК,

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Жүрсінгүл ЖАҚЫП,

Есен ӨТЕУЛІ