Ардагерлер алғыр жастармен бақ сынасты
Қоғамдық құндылықтарды сақтап, дәстүр-салтымызды насихаттауда ұрпақтар сабақтастығының мәні зор. Бұл өз кезегінде жастар мен ардагерлер арасындағы буынаралық қарым-қатынастықты нығайтып, ұлттың кемел келешегін қалыптастыруға септігін тигізеді. Облысымызда да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді.
Мәселен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық жастар күні аясында «Жастармен бірге» атты ұлттық жастар онкүндігі жалғасуда. Онкүндіктің «Мейірімділік мекені» жобасы аясында ардагерлер мен жастар арасында «Ұрпақтар ізімен» атты шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнаудан жарыс өтті.
Жарысқа Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері және ерікті жастар қатысты. Қайрат Рысқұлбеков саябағында өткен салтанатты іс-шараны облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадыралиев ашып, жарысқа сәттілік тіледі.
Ой еңбегін қажет ететін жарыс командалық есеппен өткізілді. Он бес жұптан іріктеуден өткен қатысушылар финалдық ойында бақ сынап, қорытынды есеп бойынша қариялар жастардан басым түсті. Жүлдегерлерге және барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Жарыс соңы ардагерлердің жастарға деген ақ батасы мен алғыстарын айтумен аяқталды.
Нұрболат АМАНБЕК