Жаңалықтар

Жастар мерекесі жақсылық жарысына айналмақ

Ел ертеңінің баянды болмағы бүгінгі жастарға байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да мемлекет жастардың заман талабына сай білім мен тәрбие алып, салауатты өмір салтын ұстанып өсуіне барынша қолдау жасап келеді. Жамбылдық жастар алдағы 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай көпшілікке пайдасы тиетін істерді жүзеге асыруды мұрат етті. Тамыздың 3-інен бастап 12-сіне дейін «Жастармен бірге» атты жастар онкүндігін жоспарлап, оны тарихқа құрмет көрсетіп, табиғатты аялау жұмыстарымен бастап та кетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жастарға арнайы жолдаған Үндеуінде «Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер.

Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. «Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады» деген еді.

Осы онкүндік аясында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен облыстық қан орталығында «JAS KELSE ISKE» жобасымен «Шын жүректен» атты донор болу акциясын өткізді. Акцияның басты мақсаты – жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін ұғындыру.

Мерекені ізгілікпен атап өтіп, жақсылықты үзіліссіз жалғастыруды мақсат еткен облыс жастарының қадамына құт қонсын демекпіз. Бүгінгі жеткіншектердің көңіл қуантар әрекеттеріне қарап, болашаққа деген сенім де беки түсетіндей.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА