Мұхит асқан бозбала туған жеріне тағзым етті
Сәби кезінде шетел асып, американдық отбасы асырап алған Антон Роби өзі тәрбиеленген Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне арнайы келді.
Осыдан 15 жыл бұрын 3 жасар бүлдіршінді АҚШ-тың Мэриленд штатынан келген жас отбасы алып кеткен болатын. Бүгінде кәмелет жасына толған 18-дегі бозбаланың өміріндегі 15 жыл Америкада, үш-ақ жылы біздің елде өтсе де туған жер сағындырмай қоймаған. Оң-солын танып үлгермеген сәби шағында шетел асырған балалардың ержеткенде елді іздеп, шыққан тегін тануға тырысқан талаптары адам қай қиырда жүрсе де туған жердің топырағы тартатынын көрсетеді.
Вейн мен Линда Робилар ұзақ жыл бойы бала сүйе алмай, Қазақстаннан бала асырап алу мүмкіндігіне ие болып, біздің Антонды бауырына басқан. Сол ата-анасымен бірге келген Антон мейір-махаббатқа бөленіп өскенін жеткізді.
Алыстан келген меймандар құр келмей, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге сыйлықтарын таратып, бүлдіршіндерді де қуантты. Робилар отбасын көруге мекеменің сол кездегі басшылары Күнсұлу Ержігітова мен Ұлбосын Аяшева да келіп, бүгінде үлкен жігіт болған балаларына жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Ал, мекеменің қазіргі басшысы Гүлмира Құлмағанбетова Антонның анасы Линдаға естелік ретінде ұлттық нақыштағы орамал жапты.
Қазіргі уақытта «Үміт» бөбектер үйінде 4 жасқа дейінгі 45 сәби тәрбиеленеді. Алайда, бәрінің де ата-аналары бар. Бөбектер үйіне түрлі өмірлік қиын жағдайларға тап болғандықтан орналастырылған. Ата-аналарының міндеттері шектелмеген, яғни олар құқықтарынан айырылмаған. Бұл мекеменің қазіргі негізгі мақсаты да қиын жағдайға тап болған ата-аналарға көмек көрсету және оларды бір-бірінен айырмау.
Қамар ҚАРАСАЕВА