Жаңалықтар

Экраннан ел тарихын тамашалады

Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен отандық фильмдердің ашық аспан астында көрсетілімі жүзеге асуда.

Бұл ретте тарихи фильмдер арқылы жастардың бойында ұлттық сананы және тарихи білімді қалыптастыру – басты мақсат. Тараз қаласындағы NBSкy Cinema антикинотеатрына жиналған үш жүзге жуық жас белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты көркем драмалық фильмін тамашалады.

Сонымен қатар, Шу аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ашық аспан астында танымал режиссер Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты фильмін тамашалады. Кинокөрсетілім соңында жастар фильм туралы керемет ойларымен бөлісті. «Осындай отандық фильмдердің мәні өте жоғары.

Ашық аспан астында тарихи туындылардың көрсетілуі құптарлық іс» дейді белсенді жас Байжан Емберді. Меркі аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен режиссер Руслан Акунның «Сәлем, Еуропа» атты фильмі де ашық аспан астында көрсетілді. Бұл киноны жүздеген жастар тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Игі шара алдағы уақытта да аудандарда жалғасын табатын болады.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ