Тұрар Рысқұловтың тартуы
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толып отыр. Барлық күш-жігерін қазақ елінің дамуына арнаған дара тұлға жайлы әрбір дерек маңызды. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың Меркі жайлауында өткен жастық шағы туралы көпшілік біле бермейді.
1926 жыл. Ол кезде Тұрардың Одақ көлемінде қызметке араласып, аса маңызды істердің басында жүрген кезі. Соған қарамастан жаздың жадыраған бір күнінде Меркі тауының етегінде жайлауда аз уақыт демалысқа уақыт тапса керек. Сол кезде Әлібек Жұмағұлов деген меркілік азамат жол бастап, қайраткерді үш күн бойы алып жүріпті. Сол демалыс сәті Тұрарға ерекше ұнаса керек. Осы сапар барысында жол бастаушы Әлібекке өзі талай жыл пайдаланған портфель-планшетін сыйға тартады.
Әлібек бұл сыйды ерекше қуанышпен қабыл алып, ұзақ жылдар бойы құнды зат ретінде үйінде сақтап келген. Кейіннен бұл жәдігер Әлібектің немересі Айдар Әлімбаевтың қолына аманат ретінде түседі. Осыдан біраз жыл бұрын Айдар ақсақал аталған портфель-планшетті Меркі аудандық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырады. Қазіргі таңда бұл құнды жәдігер музей төрінен ерекше орын алған. Музейді тамашалауға келгендер арасында осы жәдігерді іздейтіндер жеткілікті. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі Айман Жүрсіналиева: «Осыдан 5 жыл бұрын Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде Т.Рықұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлы Тұран тарихының ұлы тұлғасы» атты танымдық іс-шара өткен болатын. Осы іс-шараға Меркі ауданының құрметті азаматтары, тарихшылар және №9 Меркі колледжінің студенттері қатысты.
Айта кетсек, жоғарыда есімі айтылған Андас батыр ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Айдар Әлімбаев белгілі композитор Сыдық Мұхамеджановтың жиені. Оның нағашысы туралы айтатын әңгімесі де өз алдына бір төбе.
Меркі ауданы