Қоғамдық орындардың тазалығы қолтаңбасына айналған
«Еңбек ер атандырады» демекші, адал жүріп жасаған ісіңнің жемісін көруден артық бақыт жоқ. Сондай еңбекқор азаматтың бірі – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшысы Үсен Есентаев. Оның жүзінде де тазалық тұнып тұр. Себебі, ұзақ жыл Тараз қаласының тазалығына тікелей үлес қосып жүрген еңбек адамы.
Төрт жүз мыңнан астам тұрғыны бар үлкен шаһардың тазалығына жауапты «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің бригадалары аз емес. Үсен Есентаев тер төгіп жүрген бригаданы ұзақ іздедік. Мекеме басшыларынан Есентаевтың Ауғанстан соғысының батыры екенін естіп, білдік. Біз моторлы орақпен биік шөптерді орып жатқан «Жасыл ел – Тараз» мекемесі жұмысшыларының алдыңғы сапындағы Үсен Есіркепұлының аз ғана демалған сәтінде сөзге тарттық.
Еңбектері елеулі. Үсен Есіркепұлы облыстық, қалалық деңгейде бірқатар марапаттарға ие болған.
Өзі атап өткендей, күміс қасықтай 5 қыздың әкесі. Өмірлік жары Рахаткүл екеуі осы бұрымдылардан рахат көреміз деген сенімде. Қыздардың анасы газ саласында еңбек етеді. Үсен өзі оқымаса да, қыздарын қалаған оқуларына оқытуды жөн көріпті. «Сендер жоғары білім алыңдар. Оқыған қор болмайды» деп қыздарына үнемі айтып отырады. Соның нәтижесінде қыздары зерек болып өскен. Қазіргі таңда үш қызын ұзатқан, үш жермен құда болып отырған, немере сүйген, өсіп-өнген әулеттің арқасүйері. Қыздарының бәрі жоғары білімді. Үлкені Гүлжан – тәрбиеші болса, екінші қызы Бақыткүл ғылымның соңында жүр. Қазіргі таңда мұғалім, психолог мамандығы бойынша магистратура бітіріп, докторантурада білім алып жатыр. Жаңыл мен Ұлбосыны да білім саласында еңбек етсе, Кенжегүлі мұғалімдік мамандықты таңдап, университетте білім алуда.
Үсеннің қай кезде де еңбектен бас тартқан кезі жоқ. Кеше иығына қару асынып Отанды қорғаған майдангер Есіркептің баласы бүгінде адал еңбектің рәтін көріп жүр. Ал, майдангердің немерелері жоғары білім алып, педагогика саласына үлестерін қосуда.
Тараз қаласы