Әлеумет

Байырғы тарихты байытқан Байбосынов

Туған жердің тарихын түгендеп жүрген, айтары бар зерттеушілерге біздің аймақ та кенде емес. Олардың алдыңғы қатарында белгілі өлкетанушы, тарихшы ғалым Күзембай Байбосынов та бар.

Күзембай Байбосыновтың өңірдің жауһар жәдігерлерін жиыстырып, мәдени мекендерді тарихи мұра қатарына қосуға қосқан үлесі орасан. Ол ҚР ҰҒА-ның археология институтының көрнекті ғалымдары К.Ақышев, Х.Алпысбаев және К.Байпақов басқарған археологиялық ғылыми жұмыстарға белсене атсалысты. Талас және Шу өңірлеріндегі ежелгі сауда жолдарын археологиялық зерттеу мақсатымен бірнеше дербес іссапарлар мен экспедицияға шығып, осы өңірдегі ортағасырлық қалалардың топографиялық ерекшеліктеріне назар аударып, көптеген қорған, бейіттер мен ортағасырлық қалалар және қарауыл мұнараларды тауып, зерттеу ісімен айналысты. Оның басшылығымен 1970-1980 жылдары аймақтық тарихи өлкетану музейі жанынан құрылған археологиялық экспедиция аймақтың археологиялық картасына еңбей, белгісіз болып келген ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді тапты.

Атап айтсақ, 1978 жылы экспедиция кезінде VII-IX ғасырлардағы сәулет өнерінің ескерткіші – Ақтөбе мазарына зерттеу жүргізілді. Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан батысқа қарай орналасқан ортағасырлық қалашық орны – Әулиебастау зерттелді. Қаланың үстінен және төбелердің айналасынан сырланбаған құм, құмыра, көзе, саптыаяқ, қыш ыдыстар жинастырылды. Бұл деректер халықтың Әулиебастауды ІХ-ХІІІ ғасырларда мекен еткенін айғақтайды. VII-IX ғасырлардағы тарихи-сәулеткерлік ескерткіші Жасөркен қарауыл мұнарасы да анықталды. Қарауыл мұнарасының құлаған қалдықтары тіктөртбұрышты формадағы биіктігі үш метр төбені құрайды. Байзақ ауданында орналасқан ортағасырлық қоныс орны – Зәуірбектөбені де тауып, зерттеді. Қоныстан сыры жоқ табақша, құмыра, көзе және басқа да ыдыстардың сынықтары табылған. Бұдан бөлек, ғалымның бастамасымен Жуалы ауданындағы VIII-X ғасырларға жататын Шақпақата қалашығына да зерттеу жұмыстары жүргізілді. Байзақ ауданындағы VIII-X ғасырларда салынған кешен – Расымбеттөбе қарауыл мұнарасын жоғарыда айтылған 1978 жылғы экспедиция тауып, зерттеді. Расымбеттөбе қарауыл мұнарасы үстінен жинастырылған материалдардың көбін сырланбаған қыш ыдыстар сынықтары құрайды. Осы аудандағы ортағасырлық қоныс – Сарытөбе орнынан табылған бұйымдарға қарағанда, қонысты халық VII-IX ғасырларда мекендеп, егін және мал шаруашылығымен шұғылданған. Меркі ауданында орналасқан ортағасырлық қалашық – Сыпатайға зерттеу жұмыстары жалғастырылып, оның жоспары түсіріліп, материалдар жиналды. 1980 жылы К.Байбосынов жетекшілік еткен экспедиция Талас ауданындағы Қызылқорған – 1, Қызылқорған – 2, Қызылмақташы ортағасырлық қалалар орнына қазба жұмыстарын жүргізіп, күзет мұнараларының орнын анықтап, қыш ыдыстардың қалдықтарын тапты. Сарысу ауданындағы ортағасырлық қала орны – Саудакентке зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қала орнынан сырлы және сырланбаған қыш ыдыс қалдықтары көптеп кездесті. Бұлар Талас өңіріндегі қалалардан табылған материалдарға ұқсас.

Талас ауданының Бостандық ауылының маңынан көне қала орны – Төрткөлді де тапқан Күзембай Байбосынов еді. Қазба барысында қаланың орны биіктігі 2,5 метр болатын төртбұрышты төбе екендігі анықталды. Әрбір сыртқы қабырғасының ұзындығы 80 метрді құрайды. Қаланың орталық бөлігінде күзет мұнаралардың орындары сақталып қалған. Мұнаралардың диаметрі – 5 метр. Үш жағынан терең ормен қоршалған. Олардың ені 8 метр, қазіргі тереңдігі – 1,5 метр. Қала орнынан керамикалық ыдыстардың, әйнектердің сынығы, қоладан жасалған бұйымдар табылды. Қала VIII-XІІ ғасырларда ірі сауда орталығы болған. Осы зерттеулердің қорытындысы ретінде «Свод памятников истории и культуры Жамбылской области» атты жинақ құрастырылды. Ғалым Шу ауданындағы Жайсаң алабында орналасқан көне түріктер дәуіріндегі ескерткіштер кешенін зерттеуге де қатысты. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан ескерткіш сегіз кешеннен тұрады. Әрбір кешен қоршаулары бар 10-12 қорғаннан, ал Жайсаң 6 кешеннен, 24 қорғаннан тұрады. Жайсаң – 1 қорымы 1992 жылы құрамында Ю.Мотов, К.Байбосынов бар экспедиция тарапынан зерттелді. Зерттеу жұмысы барысында бұл жерде құрбандық шалатын орын болғандығы айқындалды.

Сондай-ақ, ол 1997 жылы Меркі кешенді археологиялық экспедиция құрамында Белсаз сайының батыс кемерінде, тау баурайындағы бұлақтың жанынан көне дәуірлерден сақталған ғұрыптылық құрылыстар тапты. 1997-1998 жылдары қазба жұмыстары жүргізіліп, ғұрыптық құрылыстар екі жерде орналасқандығы анықталды. Өлкеміздің көне тарихын зерттеуде көне Тараз, төменгі Барысхан және Мойынқұм аудандарындағы Қожа бала аңғарындағы қола дәуірінің ескерткіштеріне археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін бірнеше рет экспедиция ұйымдастырып, оған өзі жетекшілік етті. Көп жылғы ғылыми жұмыстарының нәтижесінде «Бақсылар», «Жамбыл облысының тас мүсіндері», «Ұлы Жібек жолы және Тараз» сияқты ғылыми еңбектер жариялады. Облыстық тарихи өлкетану музейі жанынан құрылған экспедициялардың қорытындылары, өлке тарихы мен музей экспозициясындағы жәдігерлер туралы 60-тан астам ғылыми танымал, публицистикалық мақалалары 1969-1990 жылдары аралығында одақтық, республикалық және облыстық баспасөз беттерінде жарияланды.

Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейіне еңбегі сіңген ғалым, өлкетанушы Күзембай Байбосыновтың эскпозициясы құрылған. Онда ғалымның жеке заттары, оның ішінде өзінің авторлық кітаптары, медальдары, өзінің киген костюмы мен зерттеу жұмыстары кезінде жазылған қойын дәптері музей қорында жинақталған.

 

Лаура БАЙТҰРСЫНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі

ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету

бөлімінің меңгерушісі.