ҚҰБЫЛЫС немесе Олимпиаданың қола, күміс және алтын медальдерінің иегері Елдос Сметов туралы әуезе
Олимпиаданың қола, күміс және алтын медальдерінің иегері Елдос Сметов туралы әуезе
БӘРІ БЕС ЖАСАР БАЛАНЫҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫНАН БАСТАЛҒАН
Әуелгі сөздің әуезесін Елдостың ең алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұловтың сөзімен бастайын. Жалпы, бапкерлердің бәзбіреулері болмаса, жалпысының жаны жайсаң, мінездері ашық-жарқын боп келеді. Ахаң сол ақеділ азаматтардың сойынан. «Елдос дзюдоға бес жасында келді. Көп ұзамай оның болашағы бар палуан екенін байқай бастадым. Жаттығу кезінде өжеттігі бар, қайтпас қайсарлығы бар, жеңіліп қалса, тұра сап қайта күресетін намысқойлығы бар, риза болатынмын. Сосын техникасымен жұмыс істей бастадым. Бір жылдан соң жарысқа алып барып ем, қарсыластарының бәрін жеңіп шықты. Осыдан кейін одан үміт күте бастадым. Кейін мектеп-интернатқа жібердім. Ол жерде оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев болды. Сөйтіп, Ғалымжан екеуі үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның жастар құрама командасында жүріп жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын және қола медалін жеңіп алды. Ересектер командасына ауысқан кезде енді үлкен жарыстарға қатысып, әлем чемпионы (Астана, 2015 жыл), Азия чемпионы (Ташкент, 2016 жыл), халықаралық «Grand Prix» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының жеңімпазы (Инчхон, 2014 жыл) болды.
Ғалымжан ЖЫЛГЕЛДИЕВ, дзюдо күресінен ҚР ерлер құрамасының бас бапкері, Елдостың жеке бапкері:
Біз, бапкерлер, шәкірттеріміздің арасынан кімнің қабілеті бар екенін танып, білеміз. Әйтсе де оңай болған жоқ. Қанша талант болса да олимпиадалық деңгейге жеткізу оңай емес.
Ащының – тәттісі, тәттінің – ащысы болады. Бір адамның еңбегі емес, ата-анасы, бұрынғы-соңғы бапкерлері, отбасы, ортасы спортшының жандүниесіне бәрі әсер етеді.
Елдосымыз чемпион болсын деп тауға да, қырға да барып жаттықтық. Ұлтымыздың құнарлы тағамдарын да алдына тостық. Сол жолы Олимпиаданың күміс медалін алды. Азияның чемпионы болды. Токио Олимпиадасында қола болды.
Енді, міне, арман болған алтын медальға Париж Олимпиадасында қол жеткізіп отырмыз. Еңбегіміз жанды. Еліміз қуанып жатыр. Бұдан артық адамға қандай бақыт керек.
Ғалымжан да менің шәкіртім. Ол да Еуропа мен Азия жарыстарында кезінде көптеген жеңістерге жеткен белгілі палуан. «Елдосымда Олимпиаданың күмісі бар, қоласы бар, енді бір алтыны жетпей тұр деуші» еді. Міне, сол армандарына екеуінің қолы жетті. Қазір екі шәкіртім де Еуропаның төрі – Парижде елінің атын шығарып, мақтаныштарына айналып отыр». Бапкердің санама жазылып қалған сөздерінің «артық-ауыстарын» алып тастап ем, «Жаттығу кезінде байқағаным, өжеттігі бар, қайтпас қайсарлығы бар, жеңіліп қалса, тұра сап қайта күресетін намысқойлығы бар, риза болатынмын. Бір жылдан соң жарысқа алып барып ем, қарсыластарының бәрін жеңіп шықты» деген сөздер қалды. Демек, «Жеңістің алтын кілті» табылды. Елдосты Париж Олимпиадасындағы бүгінгі шыққан шыңына қарай үнемі жетелеп отырған осы өжеттік, осы қайтпас қайсарлық, жеңіліп қалса, тұра сап қайта күресетін осы намысқойлық екен. Олимп шыңын қайтсем де бағындырамын деген ішкі жандүниесіндегі арпалыс екен.
Тоқтагүл СМЕТОВА, Олимпиада чемионының анасы:
– Елдосымыз Парижде биік шыңды бағындырып, алтыннан алқа тағып, қуанта білді. Елдің баласы, халықтың баласы болды. Сол халқының сенімін ақтады. Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын! Осы Олимпиадада жарысқа түсетін барша азаматтарымызға, қыздарымызға жеңіс бұйырсын!
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО КҮМІСІ – 2016
Байқампаз жанкүйерлер білетіндей, Елдос ылғи Олимпиаданың ең алғашқы күні күресіп, халқын ылғи ең алғашқы жеңімпаздардың бірі боп қуантады. Бара сап күресу бір жағынан жақсы, бір жағынан қиын. Жақсысы – бар «шаруаны» бір күнде бітіресің, ал қиыны – алғашқы белдесуден бастап финалға дейінгі бәсекенің бәрі бір күннің ішінде өтеді. Алдыңда әбжылан тұрса да осы. Шегінерге жол жоқ. Басқа спорт түрлері сияқты аптаға созылмайды. Әлемнің бар мықтысымен бір күнде белдесіп, бәрін бір күнде жеңіп шығу деген үлкен күшті, әбжіл қимылды, ойға кіріп-шықпайтын әдіс-тәсілді, көз ілеспес шапшаңдықты, қара жердей шыдамдылықты, сом темірдей жұқармайтын жүйке беріктігін қажет етеді. Соның бәрін бозторғайдай бойына сыйдыра білу – Елдос үшін үлкен қабілет. Бір ауыз сөзбен айтқанда, мұндай қасиет дарыған спортшыны елу немесе жүз жылда бір-ақ рет туатын құбылыс деген дұрыс шығар.
Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында Елдос ә дегенде ливиялық Мұхаммед Элькависті жеңді. Екінші – әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері болған британиялық Эшли Маккензидің жамбасын жер иіскетті. Одан кейін іргеміздегі өзбек елінің мықтысы Диербек Урозбоевтан мерейі үстем болды. Жартылай финалда әзербайжан палуаны Орхан Сафаровты жеңді. Бұл шайқас ауырлау болды, бірақ көзді ашып-жұмғанша белдесуді жеңіспен аяқтады.
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, грек-рим күресінің палуаны, Мәскеуде 1980 жылы өткен Олимпиаданың чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері:
Күрестен дзюдомыз бар, Олимпиадаға қатысты грек-рим сияқты басқа да күрес түрлері бар, мен сияқты бір қаракөз қазақ баласы Олимпиада чемпионы болса екен деп армандағалы көп болды. Соған еліміз боп бәріміз атсалыссақ екен, қазақтың бір жігіті Қажымұқан атам сияқты жарқ етіп, күрестен Олимпиада шыңын бағындырса екен деп тілеймін.
...Елдос, мен саған сенем! Сен Олимпиада чемпионы боласың. Сенің ішіңде бір жойқын күш бар. Спортшы ретінде соны сезіп, көріп тұрмын. Сен қандай жағдайда да чемпион боласың.
Финал! Алтын қол созым жерде тұр. Қарсылас – Беслан Мудранов. Қап тауының тумасы. Қанына күрес дарыған бұл халықтың палуандары татамиге Ресей елінің атынан шығады. Қазақ елі де арыда Қажымұқанымен, Балуан Шолағымен, беріде Әлсейітімен, Жақсылығымен, Шәмілімен, Дәулетімен, Асхатымен танылған қара күш қонған қайсар халық. Екі палуан да бір-бірін ала алмаған соң, төрешілер алапат арпалысқа тиесілі уақытқа уақыт қосты. Тағы да айқас. Сөйтіп, Елдос Рио алтынына сынық сүйем жер қалғанда «тізгін тартып», күміс медальға «шүкір» деді.
Алғашқы жаттықтырушысы Ахмет те, кейінгі қамқоры Ғалымжан да мәз. Ата-анасы мен бауырлары, халқы қуанышты.
ТОКИО ҚОЛАСЫ – 2020 (2021)
Олимпиаданың күміс медалі, әрине үлкен олжа. Мұндай табыстан соң үлкен спортқа қош-қошын айтуға да болар еді. Бірақ, алғашқы бапкері Ахмет «өжет», «қайтпас қайсар», «намысқой» деп бағалаған Елдос «Токио Олимпиадасына барып, алтын алам» деп өзіне де, отбасына да, халқына уәде берді.
Қырсыққанда, Токио Олимпиадасы жаһанды жаулаған «ковид» зауалынан өз уақытында өткен жоқ. Бір жылға шегерілді. Бірақ, Елдос Токиоға барам деген уәдесін орындады. Әттеңі сол, арман болған алтынға бұл жолы да қолы жетпеді. Жә, өзі не депті сол тұста? Соны тыңдайықшы...
Қазақ дзюдосының Елдосы осылай деген. Бірақ, ол соған қарамастан жартылай финалға дейін емін-еркін жеткен. Екінші айналымда түрік Михраш Аккушты, ширек финалда әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері, оңтүстік кореялық Ким Вон Джинді таза (иппон әдісімен) жеңген. Тіпті, бұл екі белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Бірақ, Токио татамиінің қожайыны Таката жартылай финалда жолын кес-кестеп тұрып алды...
Сөйтіп, 60 келі салмақтағы дзюдошылар арасынан Токио алтынын жапон Наохиса Такато, күмісті Ян Юнвей (қытайлық тайпей), қоланы Елдос Сметовпен қатар франциялық гүржі Лука Мхеидзе иеленді.
Бақтыбай СМЕТОВ, Олимпиада чемпионының әкесі:
– Елімізге, халқымызға рақмет. Көптен күткен алтын медаліміз келді.
Құттықтау, жақсы тілектер бірінен кейін бірі айтылып жатыр. Үйге келіп құттықтап жатқан ағайындар, бауырлар, дос-жарандар қаншама?! Қуанышымда шек жоқ.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің Туын желбірететін, Әнұранын ойнататын ұрпақтарымыз көп болсын!
Бапкерлеріне мың алғыс. Еңбектері жана берсін!
ПАРИЖ АЛТЫНЫ – 2024
Елдостың «Рио Олимпиадасында алтын алғанда, спорттық карьерамды аяқтар едім» деген де сөзі бар. Бірақ, адамның басы – Алланың добы. Тағдыр өз дегенін жасайды. Токиодан соң баяғы бес жасар өжет, қайтпас қайсар, жеңіліп қалса тұра сап қайта күресетін намысқай Елдос бала мінезіне басып, «Олимпиада алтынын алмай спорттан кетпеймін» деп соңынан қалмайтын мәселені бір-ақ сөзбен шешті.
Бұл шешімі үшін ең алдымен әкесі Бақтыбай, анасы Тоқтагүлге өмір бойы қарыздар.
Бірақ, төрт жылдық әлемдік аламан дүбірі жақындай бастаған тұста Елдостың Париж Олимпиадасына бару, бармауы мәселеге айналды. Рейтинг бойынша Елдостың ізбасары Нұрқанат Серікбаевтың мүмкіндігі зор. Бұл кезде Нұрқанаттың рейтингі (15) өсіп, Елдостың рейтингі (22) түсіп кеткен. Тағы бір палуан Мағжан Шамшадиннің рейтингі – 24. Мұндайда Олимпиадаға жолдама рейтингі жоғары палуанға беріледі.
Енді не істеу керек? «Үш палуанды татамиге шақырып, бір-бірімен белдестіріп, кім үздік, соны апару керек» деген тоқтам жасалды. Белдесу Алматыда өтті. Осы шеберлік сынасуда Елдос бірінші Мағжанды, екінші Нұрқанатты жеңіп, Париж Олимпиадасында ел намысын қорғап, алтын медаль алсам деген арманын орындауға жақындай түсті. Бірақ, «Елдос Сметов қартайды», «Жастарға жол беруі керек еді» деген әңгімелер шыға бастады. Жолдама иесіне бұл сөз ауыр әрі сын еді. Сондықтан барын салуға тура келді. Ең қиыны, Токиода қола медаль алып, тұғырда өзімен қатар тұрған франциялық гүржі Лука Мхеидземен финалда кездесуі болды. Оған дейін рейтингтері өзінен жоғары нидерландтық Торнике Чакадуа (21), украиналық Дилшод Халматов (11), тайвандық Ян Юнвей (1) және испандық Франсиско Гарригосты жеңгенде бұлай толқымап еді.
Абырой болғанда, Олимпиада иесі – Франция өз палуанына алтын әпереміз деп қараулық жасамады. Елдос Токио татамиінде танысқан ескі досы Лука Мхеидзені өте ауыр өткен белдесуде жеңіп, алтын медальға ие болды. Жан алысып, жан беріскен бұл бәсекені үлкен трибунадан Франция Президенті Эммануэль Макрон көріп отырды. Көріп қана қойған жоқ, жанкүйерлермен бірге Елдостың жеңісіне қол шапалақтады. Туған елінің Президенті телефон шалып, қуанышын бөлісіп, құттықтаған кезде толқып, тебіренген Елдос «Үлкен рақмет!» дей берді. Макрон да қазақ халқын және JENYS дзюдо спорт клубының табысын атап өтіп, оның президенті Алмаз Әлсеновті Қазақстан халқының үлкен жеңісімен құттықтады.
Ары қарай белгілі. 2024 жылдың 27 шілдесі Париж Олимпиадасының тарихына қазақ палуаны, дзюдо күресі бойынша чемпион атанды деп жазылуымен есте қалатын болды. Ал, ел спортының тарихындағы Елдос Сметовтің аты-жөні «Тұңғыш» ретінде таңбаланды.
ТҰҢҒЫШ
Тұңғыштардың жолы қашан да ауыр. Аты аңызға айналған палуан Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу Олимпиадасын 29 жасында бағындырып, грек-рим күресінен чемпион атанса, содан тура 44 жыл өткенде Елдос Сметов Париж Олимпиадасына ең соңғы жолдамамен барып, 32 жасында дзюдо күресі бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионы болып отыр. «Қызыл кремль» саясаткерлері боданындағы қаракөздерге шекесінен қараған тұстың өзінде топ жарған сол Жақсылық Үшкемпіровтің «Күрестен дзюдомыз бар, Олимпиадаға қатысты басқа күрестеріміз бар, өзім сияқты бір қаракөз қазақ баласы Олимпиада чемпионы болса екен деп армандаймын. Соған еліміз боп атсалысып, тағы да бір қазақтың жігіті Қажымұқан атам сияқты жарқ етіп шықса екен деймін» деген арманы орындалды. Елдос та «Жақсылық атамыздан көп нәрсені үйрендім. Маған тамақ асатып тұрып, «Сен Олимпиада чемпионы боласың. Мен саған сенем. Сенің ішіңде бір жойқын күш бар. Спортшы ретінде соны сезіп, көріп тұрмын. Сен қандай жағдайда да чемпион боласың» деген палуан атасының жылы сөзін үнемі еске алып жүреді. Әкесі Бақтыбай мен анасы Тоқтагүлдің қуаныштары, тіпті, бөлек. «Құттықтау, жақсы тілектер үсті-үстіне кеп жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің Көк туын желбірететін, Әнұранын әлемге тыңдататын ұрпақтарымыз көп болсын. Бапкерлеріне мың рақмет!» дейді олар.
Ал, менің есімнен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиадашыларға сәт сапар тілеген салтанат кезіндегі Елдостың:
Ақ Ордадан айтылған сол сөз, міне, орындалды. Ең бастысы да осы.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, «Құрмет» орденінің
иегері, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.