Аймақ

Тарихқа құрмет тазалықтан басталады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық аймағында «Таза Қазақстан» тазалық акциясы жүзеге асқаны белгілі. Аталған ізгі шараның аясында мыңдаған саябақтар мен көшелер, аулалар мен ауылдар ретке келіп, көрген кісінің көзі тоятындай құлпырып шыға келді. Бұл акция аясындағы тазалық жұмыстары біздің өңірде де белсенді жалғасып жатыр. Осынау игілікті іске облыс жастарының да қосып отырған үлесі үлкен.

Елімізде алдағы 12 тамыз – жастар күні ретінде белгіленген. Атаулы мерекеге орай жастардың он күндік іс-шарасы белгіленген. Сол он күндік шараны облыс жастары тазалық жұмыстарынан бастап кетті. Тараз қаласындағы «Қарахан» кесенесінің ауласында өткен «Тарихқа тағзым» атты эко-турнир іс-шарасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, өңір жастарының игі бастамасына сәттілік тіледі.

Мұнан соң «Жаңару», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскенбекова, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Қадыралиев сөз сөйлеп, белсенді жастарға жылы лебіздерін арнады.

Ізінала жиналған жүз елуге жуық жас белсенділігімен тазалық жұмыстары басталып кетті. Іс-шараға Аmanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанаты мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері және ерікті жастар үлкен құлшыныспен қатысты. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Қыдыралиев: «Осында келген жастардың бәрі іс-шараның мәнін түсініп, шын мәнінде жұмыс істеуге келіп отыр. Бұл – өте үлкен сауапты іс», – деп ағынан жарылды.

Жалпы аумағы 4 гектарға жуықтайтын көшенің маңын әр аудан жастары тазалады. Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Нұртілеу Төрен:

Қалай дегенде де, жастардың бұл бастамасы құптарлық. Талай жылдан бері қараусыз, шөп басып жатқан аумақты моторлы орақпен орып, қоқыстан тазалап шыққандары – нағыз жанашырлық. Аталған кесененің басына тазалық жұмыстары өте қажет. Себебі, бұл қасиетті орынға шет мемлекеттен, еліміздің өзге облыстары мен қалаларынан келетін қонақтар өте көп. Қонақтарға жайлы қызмет ету үшін қолайлы жағдай керек. Ал қолайлы жағдай тудыру тазалықты сақтау жұмыстарынан басталады. Сондықтан, бұла күштері тау қопарардай екпінді жастар нағыз қажетті жұмыстың төңірегінен табылып отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ