Жаңалықтар

Аймақ жастары ала жаздай немен айналысып жүр?

Жаз мезгілі тұрғындардың демалысы үшін таптырмас уақыт. Сол себепті қала тұрғындарының сауықтыру шаралары мен демалыс кезеңін сапалы ұйымдастыру маңызды. Бұл бағытта облыс жастары да қарқынды жұмыс істеп келеді. Мәселен, Тараз қаласы мен аудандардағы жастар орталығымен қолға алынған жаңа бастамалар мен игі шаралар белсенді жастарды түрлі кәсіпке баулып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, дағдыларды дамыту мақсатында өз тиімділігін танытып отыр.

Айталық, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жылда «JarIQ» интеллектуалды жобасы іске асып тұрады. Биыл да «JarIQ» интеллектуалды квизі кезекті маусымын бастаған болатын. Облыс жастарының арасында танымалдыққа ие жобаға қала мен аудан жастары, мекеме қызметкерлері мен оқу орындарының студенттері қатысып келеді. 16-40 жас аралығындағы қатысушыларды қамтитын жоба орташа эрудициялық деңгейді талап етеді. Мұнда сұрақтар негізінен тарих, мәдениет, медиа, спорт және логикаға негізделіп құрылады. Жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуді мақсат тұтқан интеллектуалды ойынның командалық жұмыс жасау, ұжымдық ынтымақтастықты арттырудағы рөлі зор. Былтырғы маусымның финалдық ойынына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жастардың жаңашыл бастамасына қолдау танытқан болатын.

Мұндай стартап жобалардан аудан жастары да кенде емес. Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығында «Акустик night», «IQ Jastar», «Профи жобасы», «Жайдарлы жастар» сияқты бірнеше жобалар бар. Оның ішінде «ӨЗГЕР-IS» атты семинар-тренинг жастарға арналған мотивациялық жоба ретінде танылған. Іс-шара аудан жастарының қатысуымен, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрену арқылы кітап оқуды насихаттау, заманауи әдіс-тәсілдерді үйреніп қана қоймай, жастарға тренингте миға шабуыл, топтық жұмыс және мотивациялық ақпараттар беру мақсатында және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, сондай-ақ, кітап оқу арқылы олардың ой-өрісін ұлғайту ұйымдастырады. Жыл басынан бері аталған жоба аясында 50 кездесу ұйымдастырылып, танымдық бағыттағы ойлар ортаға салынған.

Ал, Шу ауданында спортты жанына серік еткен жастар арасында «Futsal league» кіші футбол лигасы аса танымал. Аталған футзал лигасы ауданда өткен жылдың қараша айынан бастау алған. Маусым соңына дейін лига ойындарына 12 команда қатысып, 22 турдан тұратын 132 ойын өткізген. Финалдық ойында турнирге белсене қатысқан командалар арасында «Үздік төреші», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Жыл ойыншысы», «Көрермен көзайымы» секілді номинациялар өзара сарапқа салынып, үздік үштіктегі командаларға аудан әкімі атынан арнайы диплом, кубок пен қаржылай сертификаттар табысталған.

Таластықтар болса әр ауылдағы жастардың тіршілігін, талантын, мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылығын арттыру бағытындағы бастамаларды қолға алған. Мәселен, аудандық жастар орталығында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекенде жас кәсіпкерлермен кездесіп, олардан сұхбат алып, ой бөлісу дәстүрге айналған.

Жоба жетекшісі, аудандық жастар орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Ақсұлу Байболатова жобаның тағылымдық мәні мен маңыздылығына тоқталып өтті.

Бұл бағытта Жамбыл ауданының жастары бүгінгі таңда 9 түрлі әлеуметтік жобаны қолға алған. Соның қатарында көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін «Сән салоны» да бар. Орталық жанынан ашылған сұлулық салоны аптасына екі рет тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында «АуылBAY» жобасы түсірілімін бастаған. Кәсіпкер атанған жастармен сұхбат жүргізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Бұдан өзге орталықта заман талабына сай фотостудия жастар игілігіне беріліп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатындағы бастамалар сәтті жүзеге асқан.

Ал қоғамдық құндылықты дәріптеп, отбасының беріктігін нығайтып, жастарға некенің маңызын насихаттау мақсатында қызықты «LOVE STORY» айдары жүргізіледі. Айдарда шаңырақ көтерген жастардан қызықты сұхбаттар алынып, салтанатты түрде неке куәліктері табыс етіледі.

Облыстың ең үлкен ауданы Мойынқұмда «Бәйге» интеллектуалдық жобасы, аудандық кіші футбол лигасы, «Нашақорлық, есірткіге әуестену» тақырыбында іс-шаралар кешенді түрде өткізіліп тұрады. Соның ішінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Қазақтың келіндері-ай» жобасын айрықша атап өтуге болады. Қазіргі жас келіндер арасында ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік, ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеуді мақсат тұтқан жоба бес кезеңді қамтиды. Сайыста қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, кейін келіндік өнерлерін ортаға салады. Салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға да жауап беріп, сиыр сауу кезеңінде екі минутта қаншалықты сүт сауа алатындары сынға түседі. «Baursaq party» кезеңінде кімнің бауырсағы ерекше екендігіне мән беріледі. Биыл Жамбыл ауылдық округінде өткен іс-шарада Мойынқұм ауылының қатысушысы Айғаным Сабыр бас жүлде иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алған.

Осы сарындағы «Ізгі іс», «Инабатты ару» секілді жобалар Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында да іске асып, ізгі жалғасын тауып келеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК