Олимп тұғырынан – туған жер төріне!
ХХХlll жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов елге оралды. Ел мерейін асқақтатқан спортшыны жүздеген жамбылдық жанкүйерлері халықаралық Алматы әуежайынан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп, туған жері – Әулиеата төріне салтанатпен сап түзеп, алып келді.
Ал бұл сәтте шаһардың шығыс қақпасынан басталған күтіп алу салтанатына жиылған жерлестердің де қатары қалың болды. Бұл төртжылдықтың басты бәсекесінде байрағымызды биіктеткен Елдосқа елдің танытқан ыстық ықыласының айқын әрі айшықты көрінісі. Ел чемпионын күтіп алуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен спортшылар қауымы бастаған жүздеген тұрғын қатысты.
Туған жерге табаны тиісімен халқының ыстық құшағына көмілген Елдосқа көпшіліктің қошеметі зор болды. Елдің еріне деген сүйіспеншілігі әр тұстан «Елдос!» деп ұрандатуынан-ақ байқалып тұрды. Салтанатты жиында чемпионды арнайы күтіп алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ізгі лебізін жеткізді.
Осыдан соң ырысты елдің ақсақалдары да ақ батасын жаудырды. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Әбітайұлы ақжолтай тілегін арнай келе, өз сөзін:
Бұдан соң жеңіс тұғырынан көрініп, ел тарихында дзюдодан Олимпиаданың тұңғыш чемпионы атанған жампоз шаһардың басты көшелерінде ұйымдастырылған шеруге қатысып, жерлестерінің қошеметіне бөленді.
Мерейлі сәт Елдосқа арналған салтанатты шараға ұласты.
Нұрболат АМАНБЕК