Ұлтының мәртебесін көтерген ұл
Көптеген спорт түрінің ішінде ең биігі – Олимпиада шыңы. Төртжылдықтың басты бәсекесінде бағы жанып, бабы келіскен санаулы саңлақтар жұлдыздай жарқ ете қалатыны бар. Десе де, сол жоғары деңгейде ұзақ жылдар бойы салтанат құратын спортшылар тым сирек. Әсіресе, әдіс-тәсілі өте көп күрес өнерінде үнемі үздіктер қатарынан табылу – қиынның қиыны. Алайда, жерлесіміз даңқты спортшы Елдос Сметов осы үдеден шыға білген кіл мықтының ішіндегі шын мықты. Жамбылдық жамбоздың соңғы он жылда дзюдо спортында дәуірі дүркіреді, абыройы асқақтады. Бұған дейін қос Олимпиаданың күміс және қола медалін иемденген ол Париж төрінде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында арман-мақсатына қол жеткізді. Осылайша, барша Қазақ елі 44 жыл күткен жеңіс қоржынымызға түсті.
Күрес түрлерінен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтен кейін қазақ дзюдосының дидарын өзгертіп, деңгейін көтерген ер Елдосты кеше жерлестері зор қуанышпен қарсы алды. Бұл күні Тараз қаласындағы орталық стадионға жиналған жұрттың қарасы қалың болғаны рас. Ауыл-аймақтан келген қалың жұртшылық өз ұландарына қошемет білдіріп, құрмет көрсетті. Тіпті, «Елдос – чемпион» деп ұрандатқан көтеріңкі дауыстар әр тұстан естіліп жатты. Бір сәтте стадионның Төле би даңғылының бойындағы солтүстік қақпасынан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов кіріп келгенде жиналған жұрттың қошеметінен құлақ тұнды. Бұл – елім деген ерге көрсетілген шынайы құрметтің анық белгісі.
Салтанатты жиында ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшылар легін даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді.
Бұдан кейін, жүрекжарды лебізін білдірген жерлесіміздің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев спортшыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғысын білдірді. Білікті бапкер сүйікті шәкірті екеуі жеңіске жету жолында талай кедергілерді еңсергеніне тоқталып, өз жанкүйерлеріне ыстық ықыластары мен шынайы қолдаулары үшін ризашылығын білдірді. Ал, «Ер кезегі үшке дейін» деп, ел үмітін ақтаған Елдос Сметов туған елін әлемге танытып, көк Туын желбіретуден асқан бақыт жоқ екенін кесіп айтты. Төртжылдықтағы ең жоғары марапатқа ие болған татами шебері: «Қошеметпен қарсы алған отандастарымды қуанта алғаныма дән ризамын» деді.
Айта кетейік, асықтай ұлдың алғашқы жаттықтырушысы – Ахмет Жұмағұл. Ер Елдос есімі көпшілікке беймәлім бірінші бапкерін ұмытпай, ел алдында оған алғысын жеткізді. Ал, жамбылдықтар жолынан жаңылмаған өз өреніне су жаңа темір тұлпар мен Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкеріне «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік пен облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Осылайша, қатарынан үш бірдей Олимпиада ойындарында үш түрлі жүлдені иемденіп, аты аңызға айналған спортшы мен бапкеріне құрмет көрсетілді. Ал, ел намысын қорғаудың айқын үлесін көрсеткен талантты қарсы алу рәсімі отандық эстрада жұлдыздарының көңілді концертімен жалғасын тапты.
Есен ӨТЕУЛІ