Саябақтағы сарқылмас қазына
Аймақта алғаш рет Тараз қаласының Т.Рысқұлов атындағы саябағында кітап үйшігі пайда болды. Қызығушылықпен көпшілікке пайдалы жаңа дүниенің қайдан келгенін сұрастырсақ, ағаштан жасалған шағын үйшікті Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері жасатып, орнатыпты. Оған кітапхана қорынан емес, оқырмандардың сыйға тартқан кітаптары қойылған.
Кезкелген адам ішінен өзі қызыққан кітабын оқуға алып, орнына өзі «Басқалар да оқысын» деген ниетпен кітап қойып кете алады. Бұл кітап үйшігіне ешқандай күзет те, бейнебақылау да қойылмайды. Осылай тұрғындардың ішкі мәдениетін көтеру де көзделіп отыр.
Аталған жобамен саябаққа кітап үйшігі, яғни «Қолжетімді кітапхана – «Freemarket» эксперимент ретінде қойылып отыр. Анығырақ айтсақ, «Freemarket» – «оқылған кітаптарды қалдыру және алу» деген мағынада аталған. Егер тұрғындар тарапынан қолдау тапса, кітапханашылар тегін кітапқа қолжетімділік туғызатын істі дамытуға дайын.
Шынында қазіргідей тойхана, дүкен көбейген уақытта жан азығын беретін қолжетімді кітапхананың жүзеге асқанына қуандық. Енді осындай шағын кітапханалардың барлық саябақтарда, аллеяларда да қатары көбеюі үшін көп болып атсалысайық.
Қамар ҚАРАСАЕВА