Лудомания – өмірге қауіп, болашаққа қатер
ХХІ ғасырдың дерті саналатын лудоманиядан әлемнің 350 миллион адамы зардап шегіп отырған көрінеді. Ал, өз елімізде 36 мыңнан аса адам осы психологиялық дерттің қармағына іліккен. Тіпті, осының салдарынан қаншама шаңырақ шайқалып, ажырасқандардың қатарын арттырса, біраз адам өзіне өзі қол салған. Осыншалықты әлеуметтің әлеуетін әлсіретуге әсері орасан болғандықтан да лудоманияға бүкіл әлем алаңдаушылық танытып, онымен күресу жолдарын жандандыруда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 27 маусымда лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін айтып: «Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады.
Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар, тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал, бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды.
Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бейжай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді» деген болатын. Көп ұзамай-ақ, 8 шілдеде сол заңға Президент қол қойды.
Ақорданың хабарламасында «Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді» делінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Егер бұл шектеуді сақтамаса, жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Сондай-ақ, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері де күшейтілді.
Әрине, мұның бәрі де адамның өмірін сақтап, болашағын қорғау үшін жасалып жатқан іс-шаралар. Дегенмен, әркім өзіне сақ болмаса, бәрі бекер. Сондықтан, біз облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандарынан адамды лудоманияға жетелейтін не екенін және одан құтылудың жолы қандай болмағын сұрадық.
Айта кетейік, облыстық психикалық денсаулық орталығында мамандар бұл дерт туралы кеңес беріп, құпия және тегін түрде көмектесуге дайын.
Қамар ҚАРАСАЕВА