Мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндігі мол орталық
Соңғы уақытта бүкіл әлемде ревматикалық аурулардың жалпы және біріншілік жиілігінің жоғарылауы байқалып келеді. Әлбетте, көбіне бұл патологиямен егде жастағы адамдар зардап шегетін. Дегенмен, соңғы кездері ол жастар арасында да кездесіп жүр. Уақтылы емделмесе, бұл ауру адамды мүгедектікке әкелуі ықтимал.
Қауіптің алдын алу үшін де елімізде бүгінде ревматологиялық науқастарға көмек көрсетуді жақсарту барынша жүзеге асырылып отыр. Облысымызда ревматологиялық орталықтың ашылуы осындай мақсаттан туындаған.
Облыстық көпбейінді аурухананың базасында ашылған ревматологиялық орталықтың халық денсаулығын жақсартуға үлкен септігін тигізетініне сенім мол.
Орталықтың құрылымында консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған ревматолог кабинеті, гендік-инженерлік биологиялық терапия кабинеті (ГИБТ), буынішілік манипуляциялар кабинеті, капилляроскопия, денситометрия орналасқан. Медициналық көмекті 4 дәрігер көрсетеді. Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емхананың жолдамасы бойынша ревматологиялық орталықта тексеру және емдеу тегін жүргізіледі.
Облыс бойынша ревматологиялық диагнозбен 4825 науқас диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде құрылымындағы негізгі бөлігі бойынша остеоартроз – 1656, серонегативті ревматоидты артрит – 1142, серопозитивті ревматоидты артрит – 985, жүйелі қызыл жегі ауруымен және басқа реактивті артропатиямен 142 пациент тіркелген. Жанар Мықтыбекқызының айтуынша, енді жаңа орталықтың қызметімен ревматологиялық дертке шалдыққан жамбылдықтарға барынша жоғары және білікті медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалынған.
Қамар ҚАРАСАЕВА