Тамақтану орындары талапқа сай ма?
«Ас – адамның арқауы» дейміз, бойға күш-қуат беретін тамақтың тазалығына салғырттық танытсақ, ас көп аурудың бастауы да болатыны рас. Бұл, әсіресе тағамдарды әзірлеу мен қоғамдық тамақтану орындарындағы тазалыққа тікелей байланысты.
Кейбір асханаларда, тіпті шағын дәмханаларда тамақтың ішінен шаш секілді тазалыққа кереғар түрлі заттарды тауып алу, үстел үстінде жорғалаған жәндіктерді кездестіру жағдайларын тұтынушылар әлеуметтік желіде жариялап жатады. Өзіміз де кейде көпшілікке ас ұсынатын орындарда санитарлық-тазалық талаптарына жатпайтын әрекеттерді көріп қаламыз. Ал, базарларда нан пісіретін, салқын сусын сататын шағын орындар дәл әжетхананың қасында орналасқанын да көріп жүрміз. Әрине, ешкімнің де кәсіп етіп, табыс табуына қарсы емеспіз, бірақ көпшілікке тағам дайындайтындықтан тазалықты сақтаса деген ниетпен қоғамдық тамақтану орындары мен жұртшылық азық-түлік сатып алатын жерлердегі санитарлық талаптардың сақталуын зерттеп көрдік.
Дүкендерде азық-түлік пен жуу құралдарын бөлек сөреге қою талап етіледі. Тез бұзылатын тағамдарды салқындатылған жерлерге орналастырып, нан өнімдерін ашық күйінде қоймау керегі де назарға алынады. Алайда, базарларда көпшілік өтіп жатқан жол бойына нанды ашық қойып сататындарды көріп жүрміз. Ондай жерлерде ашық тұрған тағамдарға шаң-тозаң түсуі әбден мүмкін. Бұл талаптар туралы облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарынан сұрадық.
Сол секілді автожол бойында сатылатын қауын-қарбыздан да денсаулыққа келер залал бар. Автокөліктерден шығатын пайдаланылған газдардың түтінінен бөлінетін ауыр металдарды қауын-қарбыз өзіне тез қабылдап, бойына сіңіреді. Ол оны жеген адамды улануға жеткізеді. Бәрімізге белгілі, жаз айларында ел ішінде іш ауруы көбейеді. Әсіресе, қауын-қарбыз жегеннен кейін ауыратындарды да көріп жүрміз. Дәл қазіргі уақытта бал татыған жемістің саудасы қызған шақ. Кез келген жерде сатылып та жатыр. Тұтынушы сақ болып, тазалық талаптары сақталған орыннан алғаны жөн. Талап бойынша қауын-қарбыз жерде емес, теген (поддон) үстінде тұруы керек және автожол бойынан алып, жемеген дұрыс. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваның айтуынша, жыл басынан бері облыста 312 ішек инфекциясы тіркелсе, оның тек 85-і маусым айында болған. Әрине, оның бәрі қауын-қарбыздан келді деуден аулақпыз. Дегенмен, ішер асқа аса сақтықпен қарамаса, аяқастынан ауруға тап болу оп-оңай.
Қамар ҚАРАСАЕВА