Экономика

«Қозғалыс қауіпсіздігі мен қызмет сапасы артады» - Айдын Сейітбенбетов

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар асыға күтеді. Себебі, дәстүр бойынша бұл күн – Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл мерекенің ежелден тілге жатық атауы – теміржолшылар күні, ол темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін мейрам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан және Адал азамат» атты Жолдауында еліміздегі стратегиялық маңызды міндеттердің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану мәселесіне ерекше басымдық берген еді. Сондай-ақ, Президентіміз транзиттік тасымалды жүзеге асырушылардың бірі «Қазақстан темір жолы ҰҚ» АҚ компаниясын толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды. Жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатқан бүгінгі әлемде көліктік транзит саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Мәселен, Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Осы ретте біз «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сейітбенбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Айдын Пайзылдаұлы, Президент жүктеген міндеттің бірі – көлік-логистика саласын дамыту. Қытай мен Еуропа арқылы жүк тасымалын арттыру. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқтала кетсеңіз.

– Бүгінде еліміздің батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын біздің теміржол тоғыз жолдың торабындағы жолайрықта орналасқан. Бұл біздің теміржол тасымалының дамуына зор мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуы керек деп тапсырды.

Сонымен қатар, Президентіміз Жолдауында «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажеттігіне тоқталды. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе Қазақстан көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуы тиіс. Президенттің сөзімен айтсақ, көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуі тиіс.

Ал біздің жұмысымыздың мақсаты мен міндеттері пойыздар қозғалысы мен еңбекті қорғаудың қауіпсіздігін сөзсіз қамтамасыз ете отырып, теміржол көлігінің тиімділігін арттыру және тасымалдау қызметінен түсетін табыстың деңгейін көтеру. Жалпы алғанда осы жылдың 6 айында жүк тасымалынан түскен табыс – 22 656 735 138,8 теңгені құрады. Былтырғы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, көлік тасымалынан түскен табыс 3 253 503 769,8 теңгеге артқан немесе 12 пайызға өсті.

Табыстылық деңгейінің көтерілуіне негізгі жүк жөнелтушілермен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту және тапсырыс берушіге бағдарлануды арттыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу арқылы қол жеткізілгенін атап өткім келеді.

– Жүк тасымалында сіздер қандай жергілікті компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істейсіздер?

– Осы жылдың жарты жылдығының қорытындысымен Қазақстан теміржолы «Жүк тасымалы» ЖШС – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» бойынша директорлар кеңесі орындау үшін жоспарға 4 көрсеткіш енгізген. Филиал бойынша бірінші жартыжылдықта техникалық жоспар бойынша 320 вагонмен барлығы 21357 тонна жүк тасымалдау жоспарланған. Бүгінгі күні 361,32 вагонмен 24498,9 тонна жүк тасымалданып, яғни жоспарланған техникалық тасымал 114,7 пайызға жетті. Ал, директорлар кеңесінің бекіткен жоспарында тәулігіне орта есеппен 454 вагонға 30417,58 тонна жүк тиеу көрсетілген. Бөлімшенің көрсеткіші директорлар кеңесінің бекіткен жоспарының 80,54 пайызын орындап отыр. Негізінен мұндағы филиал арқылы өңірдегі ірі өнеркәсіп ошақтары, «Қазфосфат», «БалхашЦветМет», «Еврохим Қаратау», «НДФЗ» және «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС-нің өнімдері вагондармен тасымалданады. Оларға біздің мекеме талай жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.

– Теміржол саласы жауапкершілігі мол әрі қауіпті саланың бірі болып саналады. Соның ішінде , жүк тасымалында техника қауіпсіздігі қалай сақталады және өндірістік жарақаттану жағдайының алдын алу шаралары жолға қойылған ба?

– Теміржол саласында техника қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Қанша сақтық шаралары күшейтілсе де, өкінішке қарай кейде жазатайым оқиғалар орын алып жатады. Бізге қарасты филиалда жыл басында өндірістік жарақаттанудың бір жағдайына жол берілгенін білесіздер. Былтыр да осындай келеңсіз бір оқиға орын алған болатын. Облыстық еңбек инспекция басқармасы жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тергеу жүргізді. Тергеу қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі жоқ деп танылды. Істің негізгі себептері: ВЧД-27 басшылығы тарапынан тиісті нұсқаманы алдын ала жүргізбестен, жол бойында орын алған жағдайдың себебін анықтауға қызметкерлерді демалыс күндеріне қарамай, бұйрық бойынша жұмысқа тартқан. Ауысымдағы жұмысшыларды негізгі қызметтен тыс жұмысқа салған. Бұл – белгіленген технологиялық процесті бұзу. Шу аудандық сотының қаулысына сәйкес жауапты басшылар жазаға тартылды.

Жол берілген жазатайым оқиғадан кейін ЖТ «Жамбыл бөлімшесі бойынша» 25 қаңтар мен 25 ақпан аралығында «Еңбек қауіпсіздігі – ең алдымен» айлығы жарияланды. Ол айлық барысында оқу-семинарлары ұйымдастырылып, техникалық қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

– Теміржол бойындағы қозғалыс қауіпсіздігі қалай жүргізілуде?

– Алғашқы жартыжылдықта «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы бойынша пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін бұзудың 3 жағдайына жол берілді. Өткен жылмен салыстырғанда 5 жағдайға азайған. Былтыр 8 жағдайға жол берілген (4 жағдай және 4 оқиға), пайызбен айтсақ 166-ға азайып отыр. Бұл – басқарудың желілік және өңірлік деңгейлеріндегі барлық қызметкерлердің пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тиімді ұйымдастыра білген жоспарлы жұмыстарының жемісі. Осы жылдың жарты жылдығында «НОДГП-8» бойынша дизель отынының шығыны рұқсат ету деңгейі 3 388,043 тонна болғанымен, жұмсалғаны 3 214,516 тоннаны құрады. Дизель отыны 173,527 тоннаға үнемделді. Алты айда бөлімше бойынша электр энергиясын үнемдеу 12570 мың киловатты құрады. Электр энергиясын үнемдеуге нақты меншікті шығынды азайту арқылы қол жеткіздік.

– Ал екінші жартыжылдыққа арналған мақсаттар мен міндеттеріңіз қандай, соған тоқтала кетсеңіз?

– Жұмыс жемісті болу үшін алға қояр мақсаттарды айқындап алу қажет. Меже белгіленгенде ғана нәтижеге жетуге мүмкіндік ашыла түседі. Біз алдағы алты айда жүк тиеуді қазіргі көрсеткіштен 5 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, «Еврохим Қаратау» ЖШС индустриялық аймақтарын дамыта отырып, шығарылатын өнім көлемін 43,9 мың тоннаға, «ЖЦӨК» ЖШС-і 75,2 мың тоннаға, «Қазфосфат» ЖШС-і 290,7 мың тоннаға ұлғайту есебінен экспорттық қатынастағы жүк тасымалын 3,5 пайызға ұлғайту, «КТТ» АҚ вагон паркінің жалпы тиеудегі үлесін 57 пайызға дейін арттыру, пойыздардың тартымы бойынша отын-энергетикалық үлестік шығынын азайтуға бағытталған жұмыстарды жүргізу арқылы энергия ресурстарын үнемдеуге қол жеткізсек дейміз. Мойынты-Шу-Алматы телімінің өткізу қабілетін, пайдалану жағдайын жақсарту мақсатында Бірлік-2 станциясы қалпына келтіріледі, Көктөбе, Алаайғыр станцияларында диспетчерлік басқару желілері салынады. Бұл – негізгі көрсеткіштер. Бұдан басқа жалпы жұмыс режимін жақсартатын міндеттер орасан. Ал, теміржолшылардың әлеуметтік көңіл күйін жақсарту әрі еңбек өнімділігін арттыру үшін моральдық-материалдық жағдайға да көп көңіл бөлінуде. Айталық, компанияның оң имиджін арттыру мақсатында Қазақстан теміржолының 120 жылдығын мерекелеу аясында спорттық, әлеуметтік, қоғамдық имидждік жобалар өткізу, жастарды әлеуметтік-қоғамдық жобаларға тарту арқылы филиалда жастар саясатын дамыту, одан әрі мансаптық өсу үшін көшбасшылық қасиеттерді дамытуға арналған жастар форумдары мен тренингтерге қатыстыру жоспарда бар.

Оқытудың жаңа әдістерін, оның ішінде іскерлік ойындарды, тренингтерді, себеп-салдарлық диаграммаларды, ситуациялық схемаларды, бейнесюжеттерді пайдалана отырып, техникалық сабақтарды өткізудің сапасы артпақ.

Осы мақсат-міндеттерді орындау үшін филиалдың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуде инновациялық рационализаторлықты қолдау арқылы филиал қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін пайдалану көзделуде.

– Теміржолшыларға қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде?

– Тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылар күні ретінде тойланып келеді. Бұл күн өзін «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ қызметкерімін деп атайтын жүз мыңдаған адам үшін айрықша маңызы бар мереке, магистраль майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн. Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақтарды қалыптастырудың драйвері десек болады. Темір жол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор сый-құрметке ие.

Жылына бір келетін кәсіби мереке – теміржолшылардың еңбегін дәріптейтін айтулы күн десек, артық айтпаймыз. Негізі теміржолшыларға әлеуметтік қолдау көрсету іс-шаралары бір ғана күнмен шектелмейді. Атаулы күнде марапатқа ие болудың жөні басқа.

Биылғы мереке, жалпы өткізіліп жатқан спорттық, әлеуметтік іс-шаралардың барлығы Қазақстан теміржолының 120 жылдығы аясында өтуде. Мерекеге орай «ЖТ Жамбыл бөлімшесінен» және бөлімшеге қарасты мекемелерден өз міндеттерін атқаруда асқан жауапкершілігімен көзге түскен, еңбегімен ерекшеленген 71 қызметкерді түрлі марапаттарға ұсындық. Олардың арасында «Құрметті теміржолшы» атанғандар да бар. Тағы бірнеше теміржолшы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бірқатары «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік мамандар» қатарынан көрінді. «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болып, мерейі өскен мамандар да жоқ емес.

Біздің теміржолшылар жыл ішінде түрлі әлеуметтік қолдау шараларын пайдалана алады. Соның бірі – шипажайларға берілетін жолдама. «Ақ тілек», «Ақсу демі», «Балқаш», «Қазақстан kz», «Сосновый бор» шипажайларына жеңілдікпен жолдама алады. Сондай-ақ, «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ-на қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы республикалық шипажайға жыл бойы жолдамамен барып, дем алып, ем алуға мүмкіндіктері бар.

Тағы бір атап өтетін әлеуметтік қолдау шараларының бірі – жаз айларында теміржолшылардың балаларының сауықтыру лагерьлеріне жіберілуі. Биылғы маусымда балғындарымыз Түркістан облысындағы «Машат», Қаратау тау шатқалындағы «Тау самалы» лагерьлерінде демалды. Үш лекпен жіберілген жалпы жас жеткіншектердің саны – 300.

Біздің бөлімшенің 6 айда атқарған жұмыстарының бір парасы осындай. «ЖТ Жамбыл бөлімшесінде» әрі қарай да пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, жұмыс технологиясын жақсартуға және пайдалану көрсеткіштерін орындауға бағытталған мақсатты іс-шаралар жүргізіле береді. Сондай-ақ, қойылған міндеттерді сөзсіз орындау мақсатында барлық кешенді шаралар қабылданатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ