Аймақ

Алғыр жастар алдына жан салмады

Облыстың дарынды оқушылары биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медальді иеленді. Оның ішінде 57 медальді халықаралық білім жарыстарынан алды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Кзылкулова мәлім етті.

Жақында қорытындыланған 2023-2024 оқу жылында облыстың 85 жылдығына орай, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңі Тараз қаласы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтті. ISEF-2024 Дүниежүзілік Ғылым және техника көрмесіне сәйкес өткізілген байқауға еліміздің әр облысынан 912 оқушы қатысты. Өз облысымыздың 46 оқушысы бақ сынап, 27 жас ғалым 3 алтын, 8 күміс, 16 қола медальді иеленді. Нәтижесінде, облыс командасы 15-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» номинациясын жеңіп алған болатын.

Жамбылдық оқушылар халықаралық олимпиадаларға да қатысып, ел намысын қорғап жүр. Жақында ғана 1-4 шілде күндері Сербия республикасының Белград қаласында өткен географиядан Еуропалық олимпиадасында «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Сабыр Жомарт қола медальды иеленіп, алдағы Ирландия мемлекетінің Дублин қаласында өтетін географиядан халықаралық олимпиадаға қатысып, білім бәйгесінде бағын сынамақ. Болгария елінде өткен математика пәнінен Халықаралық 41-ші Балқан олимпиадасынан «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Шарел Марғұлан күміс медальды иеленіп, Ұлыбританияның Бат қаласында өткен халықаралық олимпиададан тағы да күміс медальға қол жеткізді. Сонымен қатар, Өзбекстан республикасында Авиценна атындағы халықаралық олимпиадасына «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Рауан Есен қатысып, қола медаль иеленсе, Амина Ғалымжанқызы Бразилияда өтетін лингвистикадан халықаралық олимпиадаға жолдама алған. Әлемнің 24 елінің қатысуымен Грузия мемлекетінде өткен «EJOI-2023» информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Сұңғат Серікбай қатысып, күміс медальды олжалап келген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА