Қара жолдағы жүгенсіздік қашан тыйылады?
Бірер жыл бұрын салынған жолдың асфальті бүгін жарамсыз күйге түсіп жатса, бірден бар кінәні мердігер ұйымдардан іздейтініміз анық. Сосын мердігерді заңмен алдымызға салып айдап әкеліп, кем-кетікті жойдыруға күш саламыз. Қош, бүлінгенді жамап-жасқаған соң, олар да өз жөніне кетер. Ал, тәртіпке бағынбай, бүтін дүниені тас-талқан ететін ауыр жүк көліктері үшін кім жауап береді? Құлқынның қамын ғана ойлаған жұмыс берушілер, пайданың жолында қанағат-ынсапты тәрк еткен кәсіпорындар қара жолдың ғұмыры тым қысқа екенін біле ме? Жүк көліктерін жөн-жосықсыз пайдаланып, әр тарапқа жұмсайтындар осы әрекеттерімен қарапайым халық пен көптеген мекемеге ауыр жүк артқанын қашан шын сезінеді?
Айта кетейік, қазіргі таңда облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1 237 километр республикалық, 1 756 шақырым облыстық және 1 383 километр аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Сондай-ақ, өңірдегі елді мекендердің автомобиль жолдары мен көше желісі – 9989 шақырымға тең. Жалпы, бұл жолдардың жүк көтергіштігі бір оське 10 тоннаға дейін есептелген. Ал, одан артық салмақ жол жабынымен қоса астыңғы қабаттарына да кері әсерін береді. Нәтижесінде бұл жолдардың тез бұзылуына әрі олардың есептік пайдалану мерзімінің қысқаруына әкеп соғуда. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының «Сапа және мемлекеттік есепке алу» бөлімінің басшысы Мадияр Мырзалимовтің сөзінше, өңір аумағындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Соның салдарынан облыстағы жолдардың сапасының нашарлауы жиі кездеседі.
Биыл құрылғанына бес жыл толған кәсіпорын қызметкерлері кездескен кедергілерді еңсеруге күш салып жатқанын да жеткізді. Жыл басынан бері жолшылар қара жолдағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, құзырлы мекемелер мен мердігер ұйымдарға тиісті хат жолдаған. Есепті кезеңде бас-аяғы 407 мәрте іссапар ұйымдастырылып, жол-құрылыс материалдарының 1086 үлгісінен сынама алыныпты. Зертханалық сынақтан өткізудің қорытындысында 291 сынаманың нормативтік талаптарға сай еместігі белгілі болған.
Естеріңізде болса, бұған дейін 1 наурыздан 1 сәуір аралығында облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынған еді.
Десе де, шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ, жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмады. Міне, осы тұста салмағы аса ауыр темір тұлпарларды тізгіндеушілердің басым бөлігі ұтымды сәтті «тиімді» пайдаланғаны тағы анық. Сөйтіп, ережеге бағынбайтын осындай жүк көліктерінің кесірінен тас жолдардың біраз бөлігі жарамсыз күйге түсті.
Ақпаратқа сүйенсек, қазір елімізде 400 мыңнан астам ауыр жүк көліктері бар екен. Ал, аймақта 4 мыңға жуық самосвал көліктер қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда пайдаланылуда. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы республикалық, облысаралық, ауданаралық, жергілікті маңызы бар автожолдарда ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдарының барлық түріне 3 жылжымалы көліктік бақылау бекеттері тәулік бойы көліктік бақылау жүргізеді. Десе де, облыс жолдарында ауыр жүк көлігінің қозғалысын толық бақылау әзірге мүмкін емес. Құзырлы органдар салмақтық көрсеткіштерден асып кеткені үшін айыппұл салғанымен, одан қорытынды шығаратындар тым аз.
Түптеп келгенде, аса ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау міндеті – бір ғана мекемеге жүктелмегені ақиқат. Тіпті, жүк көліктерін үзіліссіз бақылауға алу мүмкін де емес. Бір қуанарлығы, келер жылдан бастап ауыр жүк көліктері мен карьерлік техникаларды жалпы пайдаланымдағы жолмен жүруге тыйым салынбақ. Үкімет басшысы дәл осы шектеу бойынша жауаптыларға тиісті заңнамаларды тездетіп дайындауды тапсырды. Осылайша, ауыр салмақты және ірі көлемді автокөліктер көп жүретін қала аумағына кіру жолдарына арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын орнату мақсатында 3 кезеңнен тұратын жұмыстар жүргізілмек. Тағы бір айта кетерлігі, облыс аумағында ауыр жүк көліктері жиі жүретін кешегі Кеңес заманында салынған қара жолдар да бар. Алайда, өткен ғасырда салынған қара жолдың бүгінде мұрты да бұзылмаған. Осыдан-ақ, бүгінгі мердігерлердің жол салу жұмысына баға беруге болар...
Есен ӨТЕУЛІ