Жаңалықтар

Жоба аясында 2,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылады

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі, 2,5 пайыздық үстемемен берілетін жеңілдетілген шағын несие арқылы өз ісін бастаған жандар көп. Бүгінде бағдарлама жетілдірілуде және ашылған кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары белсенді жүріп жатыр. Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осы бағытта Байзақ ауданында былтыр басталған бірқатар жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Ауданда бұл бағытта қолға алынған жобаның бірі – Жетібай ауылындағы «Али» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен ашылған металлочерепица цехы. Жылдық қуаттылығы 2000 шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы өндіріс орны арнайы қондырғыларын Қытайдан алған. Бүгінде мұнда аталған өнімнің екі түрі шығарылады.

Бұдан соң вице-премьер Кеңес ауылындағы мал бордақылау алаңы мен «Кеңес-23» кооперативінің жұмысымен танысты. Күмісбек Самыков басшылық ететін «Күмісбек» жеке кәсіпкерлігі бұған дейін де мал шаруашылығымен айналысып келген. Былтырдан бастап мемлекеттік қолдауға өтінім беріп, өтініші қанағаттандырылған соң, мал бордақылау ісіне ден қойған. Бүгінде мұнда жеті бас мүйізді ірі қара мен сүтті бағытта жеті бас құлынды бие бар.

Ал, төрт кәсіпкерліктен құралған «Кеңес-23» кооперативі жоба аясында жалпы сомасы 48,8 миллион теңгеге кәсіпкерлік нысанға қажетті техникалар сатып алған. Оның қатарында отандық тракторға 30 пайыздық субсидия мемлекеттік қолдау қарастырылған. Ауданға жұмыс сапарының соңында көлік жуу мен монша кәсібінің жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездескен вице-премьер Тамара Дүйсенова мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалана білген кәсіпкерлер алдағы уақытта өз кәсіптерін әртараптандыруға баса күш салу керектігін атап өтті.

Айта кету қажет, биыл жоба аясында облыс әкімдігі тарапынан қосымша кәсіпкерлік бағытында іске асырылатын 11,5 миллиард теңгеге 1476 жоба тізімі нақтыланған. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Байзақ ауданы