Жаңалықтар

Ауыл тұрғындарының табысы артып келеді

Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз тиімділігін танытып келеді. Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Ал, былтыр өңірде 25,5 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 округтен төрт мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс әкімдігінде «Ауыл аманаты» жобасын қолға алған ауыл, аудан әкімдерімен кездесті.

Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ел аумағында жобаның іске асырылу барысымен таныстырып өтті.

Сондай-ақ, аталған жоба аясында 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округ қамтылғандығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жобадағы тың өзгерістер жайын айтып өтті. Оның сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты – өз кәсібін ашу бойынша бірқатар салаға басымдық берілген. Мәселен, өткен жылы жоба аясында өңірде несие алушылардың 92 пайызы мал шаруашылығымен айналысуға өтінім білдірген. Дегенмен күні бүгінге дейін облыс көлемінде өзге өңірден мал сатып алу бойынша ешқандай өсім байқалмағандықтан, жаңа жүйе енгізілмек.

Өз кезегінде аталған жүйенің тиімділігін тілге тиек еткен вице-премьер Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында өзге де бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруалар өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарының кәсіпкерлері өзара тәжірибе алмасу бағытында баяндамалар жасады. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев вице-премьердің бастамаға қолдау танытып отырғандығына алғысын жеткізіп, оң көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында бірлесе жұмыстар атқаратындығына сенім білдірді.

 

Нұрболат АМАНБЕК