Алқапты әнге, шаруаларды шаттыққа бөледі
Тұрар Рысқұлов ауданындағы Абай ауылының өнерпаздары ескіні жаңартып, көпті қуантты. Қазіргі дала еңбегі қызған шақта ала таңнан қара кешке дейін алқапта тер төгіп жүрген шаруаларға барып, концерт қойды. Егін басындағы жұмысшыларды сейілтіп, ашық аспан астында әдемі концерттік бағдарламамен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ауыл өнерпаздары халықтың көңілін серпілтіп, жұмысқа ынталандыра түсу үшін мәдени іс-шараларды түрліше ұйымдастырып отыруды ойластырған.
Дала еңбеккерлеріне арналған концертті Естайдың термесімен бастаған Гүлназия Пірімқұлова – Халық әртісі атанған Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті.
Егін алқабына өнерпаздармен бірге Абай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Берік Әмреев те барып, шаруалардың жағдайымен танысты. Астығы жайқалған алқапты әсем әуенге бөлеген өнерпаздарға ризалық білдірген шаруалар алғыстарын жаудырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы