Қоғам

Жарты ғасырдан аса жарық сыйлап келеді

Қоғамда сан түрлі адамдар, сан түрлі тағдыр иелері бар. Мұқтаж жандар қашанда мемлекет қамқорлығында. Ондай мүмкіндік зағип жандарға да қарастырылған. Осы ретте аймақта зағип жандарға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан кітапханаға биыл 55 жыл толып отыр.

Арнайы кітапхананың басқа кітапханалардан айырмашылығы мұнда көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар, әртүрлі топтағы мүгедектер, алыс аудандарда тұратын зағип оқырмандарды кітаппен қамтамасыз ету қызметі бар. Штаттық кестеге сай 24 қызметкер жұмыс істейтін кітапханамызда ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, құжаттарды жинақтау, өңдеу, каталогтар ұйымдастыру, тифлология бөлімі, зағип пайдаланушыларға абономенттік қызмет көрсету секторы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдері көпшілікке қолайлы.

Қазіргі таңда барлық аудандағы орталық кітапхананың зағип оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерімен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Біздегі 40000 дана кітап қорының Мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны – 19192, нүктелі бедерлі қаріптегі әдебиеттер – 5347, дыбыстандырылған әдебиеттер – 6803, жайпақ баспалы әдебиеттер – 27767 дана. Сонымен қатар, нүктелі-бедерлі құралдар – 75, СD-Rom электронды басылым 182 дананы құрайды.

Инклюзия бағытында кітапханашылар жоспарға сай және жоспардан тыс өткізіліп жатқан ірі іс-шаралармен қатар бірнеше үлкен жобалық жұмыстар арқылы кітапханаға оқырман тартуда. Атап айтқанда, «Book-FM», «IZI Travel», «Инклюзия және театр», «Тифло-Музей» жобаларын мәдениетпен ұштастырса, «Балалардан балаларға», «Кітапхана-TV» әдебиет, «Жүрекжарды», «KENES-time», «Тифло-асхана» әлеуметтік саланы қамтып, «Қауіпсіздікті сақтайық» және «Үй тапсырмасы» жобалары өздігінен ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі жандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, кітапхана қызметін жандандырып қана қоймай, оның имиджін қалыптастыруға да негіз болады және бұл арнайы ортаға жаңадан қосылған жандарға психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді. Сонымен қатар, кітапханашылардың үздіксіз біліктілігімен қатар оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін арттырады. Кітапханашылардың тоқтаусыз ізденістерінің нәтижесінде оқырмандар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кітапханада өтетін креативті іс-шараларға бірлесе атсалысуда. Осының нәтижесінде кітапханаға әкімдік тарапынан қолдау артуда. Мәселен, 2023 жылы жергілікті бюджеттен кітапхана қорына 5,5 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп, түрлі саладағы кітаптармен толықты.

Көз мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары Брайль жүйесіне аударылып, нүктелі-бедерлі кітаптармен қамтамасыз етуде, сонымен қатар оқулықтар, аудио-бейне жазбалар электронды форматта жүргізілуде.

Кітапхана қызметкерлері біліктілігін халықаралық деңгейде де үздіксіз шыңдап отырады. Ресей мемлекетінің арнайы кітапханаларымен тығыз жұмыс жасап, жыл сайын онлайн семинарларға қатысып, тәжірибе алмасуда.

Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан да, заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуі тиіс. Болашақта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапхана бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейері хақ.

 

Зарина ДҮКЕНБАЕВА,

облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін

азаматтар кітапханасы директорының

орынбасары