Кері байланыс — кемшіліктердің шешімі
Халықтың әл-ауқатын жақсарту әрі бақылауда ұстау әрбір іргелі мемлекеттегі билікке қойылатын басты талап. Алайда, бұқараның жағдайын үнемі назарда ұстау мүмкін емес. Мұндайда технология дәуірінің игіліктері адамзатқа жолбасшы, үкімет үшін күрделі мәселеге айналған түйткілдерді тарқатар құралға айналып отыр. Соның бірі – әлеуметтік желі арқылы жүргізілетін кері байланыс.
Бес жыл артқа шегінсек, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келген тұста барлық жергілікті әкімдерге әлеуметтік желіде жеке парақша ашуды міндеттеген болатын. Қарапайым халық желіні жиі пайдаланатын болғандықтан ел ішіндегі проблемалар көбіне сонда талқыланып жатады. Міне, осы тұста жергілікті билік ел ішіндегі ахуалды бақылауға алып, бұқараның көкейіндегі көп мәселеге еркін бойлай алатыны белгілі болған еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік желідегі жұмыстың маңыздылығына тоқталған болатын.
Президенттің осы пәрменінен соң желіде шенеуніктердің ресми парақшалары көбейді. Бүгінде қай-қайсысы да хал-қадері жеткенше өз жұмыстарын күн сайын желіге жариялап, бұқарамен үнемі байланыста жүруді күн сайынғы дағдыға айналдырған. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында елдегі ахуал мен әлеуметтік көңіл-күйдің ауаны анық байқалады. Билік жүргізудің мұндай тетігі дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Азаматтық қоғамның нығаюы халықтың өз мәселесін желіге сауатты жеткізуіне де байланысты. Бұл ретте біздің өңірде атқарылып жатқан іс аз емес. Мәселен, облыс әкімдігінің ұсынған ақпаратына сүйенсек, әлеуметтік желілерде биылғы қаңтар-маусым айларында өңірдегі жергілікті атқарушы органдарға қатысты сыни бағыттағы 2590 мәселе анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Жеке тоқталсақ, Тараз қаласына қатысты түскен сауалдардың басым көпшілігі тұрғын үй, жол, жарықтандыру, қоқыс мәселесіне байланысты. Ал, аудан әкімдіктеріне жайылымдық жер, жол, интернет, су тапшылығы бойынша тұрғындар тарапынан сауалдар жиі түседі. Сауалдардың 348 - і облыс әкімдігінің басқармаларына , 2242-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің басқармаларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында облыс бойынша мемлекеттік ақпараттық саясаттың іске асырылуы, Президенттік реформаларды халық арасында түсіндіру жұмыстары, мемлекеттік қызметтер, қала, аудан жаңалықтары, түрлі бағыттағы спорттық және мәдени іс-шаралар, атаулы күндер, облыс және қала әкімдерінің есебі, тікелей эфирлер және тағы да басқа тақырыптар бойынша күнделікті жарияланған ақпараттар индикаторға сәйкес бөлінеді. Сонымен қатар, қала мен аудан әкімдерінің «instagram» және «facebook» желісіндегі парақшаларында зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
Әкімдердің желідегі белсенділігі, уақтылы кері байланысқа шығуы, жеке парақшаларында жарияланатын ақпараттардың сапасы, жазылушылардың жалпы саны, жазылған пікірлер сынды параметрлер негізге алынады. Жыл басынан, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында 17 773 пост жарияланса, облыс әкімдігінің басқармаларының парақшаларында 7953 пост жарияланған.
Мұндай жүйелі жұмыстарды жүргізуде ресми органдарда қызмет ететін баспасөз хатшыларының рөлі өте зор. Олар барлық жазбаларды зерделейді, жүйелейді, басшылыққа жеткізіп, мәселенің жай-жапсарын анықтайды. Нәтижесінде сауал тастап отырған тарапқа міндетті түрде кері байланыс беріп, кемшіліктердің салдарын жоюға күш салады. Нақтылай айтқанда, бұқара мен билік және жергілікті билік пен БАҚ арасындағы алтын көпірге айналады. Өңірде осы міндетті мүлтіксіз атқарып жүрген облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахметов халыққа кері байланыс беру – әкімдік жұмысының негізі тармақтарының бірі екенін айтады.
Ой айту мен мәселе көтерудің заманауи алаңын тиімді пайдалануда халық белсенділігі бәсеңдеп тұрған жоқ. Қайта пікірде айтылғандай, желі қолданушыларының саны артқан сайын, болмашыға байбалам салатындар да, түйткілді сауатты түрде жеткізетіндер де баршылық. Бұл өз кезегінде белгілі деңгейде қиындықтар тудырады. Десек те уақтылы мониторинг жүргізудің арқасында бұқараның желіде жария еткен базыналары жауапсыз қалмайды. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында қай салада қанша мәселе көтерілгенін, қай ауданның әкімдігіне қанша жазба жарияланғаны жайлы толық ақпаратқа ие болып отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері Тараз қаласы әкімдігінің «Facebook» желісіндегі парақшасына 1140, ал «Instagram» парақшасына 1226 пост жарияланған. Көршілес жатқан Байзақ ауданы әкімдігінің «Facebook» желісіне 1571 , «Instagram» парақшасына 1321 пост жарияланған. Жуалы ауданы «Facebook» желісіне 1023, Instagram-ға 859 пост, Талас Facebook-қа 723, Instagram-ға 695, Сарысу Facebook-қа 1566, Instagram-ға 1112, Қордай Facebook-қа 857, Instagram-ға 795, Мойынқұм Facebook-қа 752, Instagram-ға 708, Меркі Facebook-қа 626, Instagram-ға 728, Т.Рысқұлов ауданы Facebook-қа 377, Instagram-ға 557, Шу ауданы Facebook-қа 117, Instagram-ға 84 жазба қалдырған. Бұл көрсеткішке қарап әрбір аудан әкімдігінің желідегі белсенділігін оңай бағамдауға болады.
Шыны керек, бүгінде кері байланыс дегенде, көптің көзіне әуелі әлеуметтік желі елестейді. Алайда, бұл бағыттың тетіктері тек желімен ғана емес, жергілікті әкімдіктерге келіп түсетін өтініштер мен шағымдарға жауап берумен, халықпен жыл сайын тұрақты өтетін кездесулермен де байланысты. Одан бөлек, қазіргі таңда өңірде «Жамбыл облысының Бірыңғай 109 қызметі» тұрақты әрі белсенді жұмыс істеп тұр. Облыстың тіршілікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығының жұмысына бүгінгі таңда облыс әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшелері, соның ішінде коммуналдық және мердігер ұйымдар, сондай-ақ мүдделі аумақтық мемлекеттік органдар біріктірілген. «Jambyl 109» қызметіне биыл қаңтар айының 1-інен шілде айының 18-і аралығында облыс тұрғындарынан 34 018 өтініш түскен (Call-байланыс орталығы – 30708, Instagram – 1137, WhatsApp – 2089, Telegram чат-боты – 41, Facebook – 34, «AIKEY» Мобильді қосымшасы – 9). Өтініштер тиісті мекемелерге жолданған. Оның ішінде 18 186 жағдай, 448 арыз, 73 ұсыныс және 15 263 кеңес, 48 алғыс бар. Түскен өтініштердің 29 938-і қанағаттандырылып, 691-і жұмыс барысында, 2 959 өтініш мерзімінен кешіктіріліп жабылған. Ал, 403 өтініштің мерзімі ұзартылса, 26-на мүлдем жауап берілмеген. Аталған қызметтің негізгі бағыты жөнінде бізге оның басшысы Бақкелді Далабаев жауап берді.
Сонымен қатар, облыс әкімдігіне түсетін өтініштер де дер кезінде қаралып, халықтың өтініші мен шағымдары оңтайлы түрде қанағаттандырылуда. Мәселен, облыс әкімдігі, облыстың жергілікті атқарушы органдарында ағымдағы жылдың алты айында 38 071 өтініш тіркеліп, оның ішінде облыс әкімі аппаратына 2 964 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға кеміген. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес 38 071 өтініштің 25 812-сі арыз, 2 520-сы шағым, 6 846-сы сұраулар, 1 800-і хабарлама, 1 035-і ұсыныс, 58-і үн қосу. Өтініштердің жалпы санынан бөліп қарағанда 2024 жылдың алты айында басым көпшілігі Тараз қаласына – 10 058, Шу ауданына – 3 782, Қордай ауданына – 1783, Т.Рысқұлов ауданына – 1 213 түскен. Сондай-ақ, облыс тұрғындары атынан Президент Әкімшілігіне 211, Үкімет Аппаратына 134 өтініш түсіп, оларға белгіленген мерзімінде тиісті жауаптары берілген. Талдау көрсеткендей, түскен өтініштердің 30,5 пайызы жер, 14,5 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 12,7 пайызы білім саласы, 8,1 пайызы жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, 2,8 пайызы тұрғын үй мәселесі, 2,6 пайызы ауыл шаруашылық салаларына қатысты. Жыл басынан бергі алты айда облыс бойынша барлығы 2 590 қабылдау өткізіліп, 5 560 азамат қабылданған. Аудандар мен қалалардың әкімдері, облыс басқармаларының басшылары 2 530 қабылдау өткізіліп, 4 988 азамат қабылданды. Қабылдауда болған 1 154 азаматтың мәселелері қанағаттандырылса, 4 386-на түсіндірме берілген.
Әрине, сандарды сөйлеткенде бұл көрсеткіштер құрғақ ақпарат болғанымен, атқарылған жұмыстың ауқымын айғақтайды. Осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай емес, өңірде кері байланыс бағыты біршама жүйеге қойылған. Жіті жүргізілген мониторинг пен ұдайы қадағалаудың арқасында осындай ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже барын көріп көңіл марқаяды. Жоғарыда атап өткеніміздей, дер кезінде берілген кері байланыс – көптеген кемшіліктердің шешімі болып отыр.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ