Жаңалықтар

Тұлға зиратының тынышын бұзған кім?

Екі мыңжылдықта тарих сахнасының төрінен көрінген Тараз шаһарының тылсым тұстары әлі де жетерлік. Күні бүгінге дейін жұртшылық мұнда ең алғашқы мешіт-медреселер салынғандығын, қаланың ортағасырда сауда-саттық орталығы болғандығынан бөлек, шаһарда қуғын-сүргін құрбандарының атылған орны да барын көп біле бермейді. Төле би көшесі мен әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы христиандар зиратының орны азаттық үшін күрескен арда ұлдардың оққа ұшқан мекені саналады. Мұнда тіпті, сазгер, палуан Иманжүсіп те атылған деген деректер бар. 2013 жылы зираттың кіреберіс тұсында күрескер ақынға арнап тақтайша орнатылған. Өкініштісі сол, соңғы жылдары ескерткіш тақтайшаны талқандау фактілері жиі орын алған. Соңғы орнатылған ескерткіш тақтайшаның жөнделмей тұрғанына да жылдан асыпты.

Зобалаң жылдары ел аумағында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңы атылғаны белгілі. Ал, Әулиеата өңірінен бес мың адам жазаға тартылып, оның 845-і оққа ұшқан. Әр жылдары бұл тізімде Қабылбек Сармолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев сынды азаматтар болған. Бұдан бөлек, халық жауларын сол кезеңде арнайы жерлеу рәсімі болмағаны анық. Мұндайда жазаланушыны жарқабақтар мен арнайы қазылған ордың айналасында оққа байлап, топтап көме беретін болған. Әсіресе, соғыс жылдары көп кездескен мұндай рәсімді «братская могила» немесе «ортақ зират» деп атайды. Қарасу маңында да мұндай ортақ зираттың болғандығын, Иманжүсіптің сол жерде атылғандығын жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» жинағынан да кездестіреміз. Ол өзінің «Қаралы Қарасу» деген ойтолғамында: «Кие қонған Әулие-Ата шаһарына құбыла жақтан кіреберісте Қарасу дейтін бір бұлақ су ағып жатады. Не көрмеген Қарасу. Тымырайған тарих. Сол тылсым тарихты сәл-сәл қопарып жіберсең, ар жағынан қаңқа сүйектер азынап, жамырап қоя бермекші... Одан да бір ерекшелігі: осы Қарасу бойындағы ортақ орда көмілген азапкерлер арасында атақты ақын, композитор, хас батыр Иман Жүсіп жатыр деген болжам бар», дейді. Сөздің шындығын білмекке тарихшыларға жүгіндік.

Сазгер сүйегінің христиандар зиратының аумағында жатқанын ескеріп, оны өзге орындарға көшіру қаншалықты мүмкін екендігін сұрастырдық. Тарихшының сөзінше, алдымен Иманжүсіптің мұндағы ортақ зираттың қай тұсында жерленгенін анықтау керек. Ол үшін ДНК сараптамасын жүргізу маңызды. Алайда , тәжірибеде мұндай сараптама мен қазба жұмыстары көп қаражатты талап ететіндіктен, тиімсіз болып табылатын көрінеді.

Соған қарамастан 2013 жылы ұлт күрескерінің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мұнда арнайы белгі қойылған. Ал, батырдың бүлінген тақтайшасын алғаш қоғам белсендісі Әзімбек Тілешов байқаған. Ол бұған дейін де орнатылған үлкен көлемді ескерткіш тақтаның бұзылып, қайта жөнделгендігін айтады.

Мәселенің мәнісін білмекке Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевамен байланысқан едік. Бөлім басшысы нысанның «Тарихи тұлғалар» тізбегіндегі мұралар қатарына жататындығын, Иманжүсіп атына көше беру мәселесі ономастикалық комиссияның мораторийіне қатысты тоқтап тұрғандығын жеткізді. Бұл бағытта бұдан өзге кедергінің жоқтығын айтқан басшы ескерткіш тақтаны бүлдіру ісі көп орын алатындығын да тілге тиек етті. Орын алған олқылықты түзету үшін арнайы тапсырмалар жүктелгендігін, есепті жұмыс күнінің соңына дейін «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі нысанды қайта қалпына келтіру ісін қолға алатындығын жеткізді.

Өзекті мәселенің өз жөнін тапқаны көңіл қуантады, әрине. Десе де ұлт үшін күрескен ұлы тұлғаның белгітасы жылға жуық мерзімде ұрпақ қаперінен қалыс қалғаны өкінішті. Иманжүсіп есімі өз кезегінде Балуан Шолақ пен Қажымұқан есімдерімен қатар айтылады. Үшеуі де балуан, батыр, серілігі де бар ұлт қайраткерлері. Демек, кейінгі екеуінің аты қалай ұлықталса, Иманжүсіп те сол биіктен табылуға тиіс. Мұндай мәдени мұраларымыз жауапты мекемелер тарапынан жиі насихатталып, «қаралы Қарасудың» да құпиясы ашылса, тарихи мекен туристер ағылған аймаққа айналар еді...

 

Нұрболат АМАНБЕК