Қоғам

Паровоз тізгіндеген қазақ қызы

Биыл Қазақстан теміржолының құрылғанына 120 жыл. Тарихы сонау 1904 жылдан басталатын шойын жолдың құрылысы, онда еңбек еткен теміржолшылар туралы айтқанда, Түркісіб теміржолын, бұрынғы Луговой, қазіргі Түркісіб станциясында паравозшы болған Забира Жүсіпова жайлы деректерді айналып өте алмайсыз.

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Луговой ауылында (Түрксіб станциясы) қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш паровоз машинисі Забира Жүсіпова атындағы көше бар. Сол көшеде есімі тарихта қалған паровоз машинисінің ұлы Жолдас тұрады.

Будақтаған қою түтінін соңынан шұбыртып, ысқырып келіп станцияға тоқтаған отарбаға бір жағы қызыға, бір жағы үрейленіп қарайтын ауыл жұрты бірте-бірте теміржолшы мамандығын игере бастайды. Бірақ жол жұмысшысы, белгі беруші, паровозда от жағушы сынды жұмыстарды атқарып, техникаға дендей қоймаған кезде алып отарбаны тізгіндеген қаршадай қызды көргенде «менмін» деген жігіттердің өзі аузын ашып, көзін жұмып қалады екен...

Сонау қазақ тарихындағы аумалы-төкпелі заманда, 1922 жылы 15 мамырда дүниеге келген оның азан шақырып қойған аты Жәбира екен. Сондықтан көп жерде Зәбира да, Жәбира да аталады.  4-5 жасында ата-анасынан қатар айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. 1938 жылы бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласындағы теміржолшылар даярлайтын училищеге оқуға түседі. Бір жылдан соң 1939 жылы Қырғызстандағы Пішпек станциясының паровоз депосына слесарь болып жұмысқа орналасады.

Жұмысына тиянақты Зәбира Жүсіпова 1939 жылдың қараша айында-ақ машинистің көмекшісі болып сапарға шығады. Батыл да жігерлі қыздың талабын байқаған депо басшылығы оған үлкен сенім артса керек. Пішпек – Луговой бағытындағы алғашқы сапарына жүрексінбей шыққан Зәбира машинистің де көңілінен шығып, болашақта мынау деген машинист болады деп болжаған екен. Ол теміржолшы формасын киіп, машинист көмекшісі болып шыққанда небәрі 18 жаста екен. 1939 жылдың соңына қарай қазіргі Түрксіб станциясына паравоз машинисі болып ауысады. Еңбек кітапшасы 1939 жылы 11 қаңтарда ашылған.

– Анам Жәбира машинист көмекшісі болып жүргенде әкем Дәулет сол паравозда от жағушы екен. Кейін соғыс жылдарында ол да машинист болған. Екеуінің таныстығы жол үстінде басталыпты. 1940 жылы шаңырақ көтеріп, 1942 жылы үлкен ағам өмірге келді. Қазір қарашаңырақта отырған екінші ағам Жолдас, – дейді Зәбира Жүсіпованың қызы Аманкүл Дәулетқызы.

Осылайша, Зәбира теміржолшылар әулетіне келін болып түседі. Дәулет Рыстыевтің 3 бауыры да теміржолда еңбек етіпті, Бейсеқұл аға нұсқаушы қызметін атқарған. Ал аталары Рысты Түрксіб теміржолының құрылысына қатысқан екен.

Аманкүл Рыстыеваның айтуынша, ата-анасы соғыс жылдары күн демей, түн демей қатар еңбек етіпті. Анасы босана салып үш күннен соң белін буып жұмысқа шығып кетеді екен. Екеуі де зейнетке шыққанша еңбек еткен. «Ағам екеуіміз ата-анамыздың жолын жалғадық. Ол 40 жыл осы салада ревизор болса, мен Тәттіде станция кезекшісі болып жұмыс істедім. Қазір екеуміз де зейнеттеміз. Тізгінді үшінші буынға бердік. Бүгінде анамыздың немерелері, Жолдастың балалары Айдос пен Жандос теміржолшы», – дейді ол.

Тұңғыш паравозшы қазақ қызының ерен еңбегі оны абыройға бөледі. Әйел машинистер арасында алғашқы болып «Ленин» орденімен марапатталып, Қырғыз ССР Жоғары Кеңесінің грамотасын алған. 1971 жылы 24 ақпанда Жоғары Кеңеске депутат болып сайланып, Қазақстан компартиясының ХІІ съезіне делегат болып қатысқан. Ұл-қызы сақтаған суреттің сыртында «Жәбира апамыз ХІІ съезге шақырылғанда 20-қатар, 72-орында отырған» деп жазылыпты. Жамбыл локомотив пайдалану депосының  музейінде жепрлестерінің мақтанышына айналған паровоз машинисі Забира Жүсіповаға арналған арнайы бұрыш бар.

 

Айназ СЫРЫМБЕТ