Аңыздағы Айша бибі ақиқатында кім болған?
Ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан балаға мирас болып келе жатқан тарихи мұраларымыздың ұлттық мәдениетімізден алар орны қашанда жоғары. Қасиетті Жамбыл жерінде тарихы тереңнен басталып, аңызы мен ақиқаты ұштасып жататын әулиелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның күмбіріндей күй толғап, өңірдің сән-салтанатын келтіріп тұр. Солардың арасынан бірінші көзге түсетіні – орта ғасырдың інжу-маржаны, киелі шаһарымыздың діни ескерткіштерінің бірі, ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі кесенесі. Тарихи нысан Орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш. Кесене Ахмет Ясауидің шәкірті әрі ақын, әрі әйгілі ғалым Хакім Сүлеймен Бақырғани мен Әнуар бегімнің қызы Айша бибінің мәңгілік жер бесігінің үстіне тұрғызылған. Кесенені тұрғызған шеберлердің қайталанбас өнер туындысы саналатын ескерткіштің салыну тарихы және оны салған тұлғалар туралы ресми мәліметтер жоқ, тек ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер қалған. Әр аңыз өзінше ерекшеленеді. Бірақ, бәріне ортақ кейіпкер көркіне көз тоймайтын көркем Айша туралы. Ендеше, Айшаның кім болғандығы жайлы аңыз әңгімелер мен ресми деректерге тоқтала өтсек.
Аңыз бойынша, Айша бибі бірде Ысмайыл атаның туған қызы, кейде қытай билеушісінің қызы, Әмір Темірдің балдызы ретінде көрсетіледі. Келесі бір аңызда төрт түліктің бірі, сиыр малының пірі – Зеңгі бабаның, яғни Айқожаның қызы делінеді. Айқожа – Хакім Сүлейменнің шәкірті. Хакім Сүлеймен өлгенде Айқожа оның жұбайы Әнбарға үйленеді, одан Айша бибі туады. Бұл туралы Пәкістан, Өзбекстан елдерінің архивтерінде, Ә.Диваеав пен Ә.Марғұлан жазбаларында кейбір деректер кездеседі. Ал, Ш.Уәлихановтың жазуынша, Әнбар бибі мен Сүлейменнен Айша, Ерхуббу, кейін шаңырақ көтерген Зеңгі бабадан Әлиасқар туады. Зеңгі баба мен Әнбар бибі мазарлары Ташкент облысының Зеңгі баба ауданының сол аттас орталығында орналасқан.
Атақты археолог А.Н.Бернштамның өткен жүз жылдықтың 30 - 40 жылдардағы зерттеулері негізінде бұл көне ғимараттар ХІ-ХІІ ғасырларда салынған деп жазылған. Археологтар мұнда ескерткіштердің салынған жылын дәл атап көрсетпесе де, құрылыс ерекшеліктеріне байланысты жалпы мерзімін негізінен дұрыс топшылайды. Әйтсе де ежелгі тарихымызды зерделегісі келген әрбір адам бұл ғимараттар кімдерге, қашан салынғанын, оларды кімдер салғанын білгісі келетіндігі табиғи құбылыс. Ал, оның тегі туралы Ташкент мұрағатындағы «Туркестанские ведомости» газетінің 1900 жылғы № 97 және 1904 жылғы № 37 сандарында Әбубәкір Диваев Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни Хаким мен асырап алған әкесі Зеңгі бабаның тегі туралы деректер жариялапты. Сондай-ақ, Ташкент түбінде Зеңгі бабаның мазары, Айша бибінің анасы Әнбар бибінің және әжесі Ұлықпатшаның басына тұрғызылған қабірлер жақсы сақталған. «Зеңгі» арабшадан аударғанда қара түсті деген мағынаны білдіреді. Оның өзінің азан шақырып қойған аты – Айқожа. Әкесінің аты – Тәжіқожа. Зеңгі бабаның алтыншы атасы атақты Қожа Ахмет Ясауи сопының ұстазы Арыстан баб болған. Өзбекстандық зерттеушілер бұл шежірені Пәкістандағы Лахор қаласынан алған. Өзбекстанның көп томдық энциклопедиясының 4-томында Зеңгі бабаның өлген жылы 1258 жыл екендігі анық жазылған. Бірақ, туған жылы белгісіз.
Зеңгі бабаның зәулім биік мазары Ташкент қаласынан 25-30 шақырым жерде оңтүстікке, Самарқанға қарай апаратын жол бойында орналасқан. Бұл атырап қазір Зеңгі ата ауданы деп аталады. Қазақтар сиыр малының пірі Зеңгі «баба» десе, өзбек ағайындар «ата» дейді, мұның өзі оның жасы егде болған деп болжауға мүмкіндік береді. Өзбекстан энциклопедиясында сол сияқты Зеңгі бабаның басына көтерілген күмбездің әр қырынан түсірілген суреттері, оюлы кірпіштерінің кескіндері берілген. Қазақ Совет Энциклопедиясында Зеңгі баба туралы дәл деректер жоқ. Есесіне Шоқан Уәлиханов 1858 жылы қазанның 25 күні «Қашқар күнделігінде:
Қазақтардың да, өзбектердің де арасында Әнбар бибінің алғашқы жұбайы Сүлеймен Бақырғани сопы өлген соң оның шәкірті әрі жақын туысы да болуы керек, Айқожа шейхқа Әнбар бибінің қалай ерге шыққаны туралы да аңыз бар. Мәселен, Аякөз қаласындағы Ғабдылахмет қожа Шекеров Аякөз өзені жағасында қазақтарға қарсы жоңғарлар тұңғыш рет 1718 жылы зеңбіректер қолданып, ата-бабаларымыз қирай жеңіліп, еңіреуіне байланысты Еңірекей атанған таудың етегінде 1916 жылы өмірге келген. Ғұлама қожа тұқымы болғаны үшін большевиктерден қуғын-сүргін көргендіктен отызыншы жылдары Қытай асып, 1956 жылы ғана туған жеріне оралған. Өзінің оқыған-тоқығанын қалың кітап етіп шығарыпты. Бүгінде ұрпақтарының қолында қалған кітапта Айшаның анасы бір, әкесі бөлек, ағасы не інісі Ғабдімәлік туралы жазылған. Алайда, одан тұқым қалған-қалмағандығы белгісіз. Ғабдылахмет қожа Шекеровтың айтуынша, Сүлеймен Бақырғани – Қожа Ахмет Ясауи сопының атақты шәкірттерінің бірі. Ол Өзбекстандағы Бақырғани қыстағында туғандықтан Бақырғани, яғни бақырғанилық деп аталып кеткен. Сүлеймен Қожа Ахмет Ясауидің өте тапқыр да, білімді шәкірттерінің бірі болғандықтан оған ерекше ықыласпен қараған. Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман» кітабы, Иса пайғамбардың анасы туралы «Бибі Мариям» дастаны көне түркі шағатай тілінде 1848, 1898 жылдары Қазан қаласында жарияланған екен. Өзбек тілінде бұл кітап 1991 жылы Ташкент қаласында жарық көріпті. Сүлеймен Бақырғанидың өмірі туралы деректерден оның туған жылы беймағлұм болғанымен, дүниеден өткен жылы 1186 екендігін білуге болады. Олай болса, Сүлеймен сопы мен Әнбар бибінің артында қалған қызы Айша ең бері дегенде 1185 жылы өмірге келген болып шығады. Сүлеймен өмірден өтер алдында үйіне кіріп-шығып жүрген Зеңгі бабаға қарап, жұбайы Әнбар бибіге қарап:
Жесір қалған уыздай аппақ сұлу келіншек уақыт өте келе өзін қайта-қайта айттырған Зеңгі Айқожаға шығып, одан жалғыз ұл тапқан екен.
Жоғарыда аталғандай, Ш.Уәлиханов дерегінде Айшаның ағасы Ерхұббу да, інісі Әлиасқар. Анасынан үшеу, туған әкеден екеу, Айшаның ерге шыққандығы оның «бибі» деген қосымша атауынан анық байқалады. Түркі халқында хан әйелін ертеректе «қатын», кейініректе «ханым», қызын «ханша», би мен бай әйелін «бәйбіше», қызын «бикеш», «бике» десе, қожа қыздары ерге шыққанда оларды тек «бибі» деп атағандығы белгілі. «Айша» деген сөздің мағынасы арабшадан аударғанда «өмірге құштар, іңкәр» деген мағынаны білдіреді. Айша 1185 жылы өмірге келген болса, ол бойжеткен кезде Тараз қаласын билеген Қарахан әулетінің кезекті өкілі, түркіше лақабы – Арыстан, мұсылманша Мұхаммед аталған хан еді. Бұл Қарахан Мұхаммед 1212 жылы Тараз қаласынан қуылып, Қашқарды паналағанда сол жерде бақталастарының қолынан қаза тапқандығын атақты академик В.В.Бартольд жазған болатын. Қарахан Мұхаммедті Тараздан әуелі қуалаған қарақытай гурханы Чулуку мен найман ханы Күшлік болса, кейін біржолата бездіріп жіберген Хоремшах Мұхаммед еді. Отқа табынатын көп құдайшыл Чулуку гурханның әуелі қызын алып, артынан өзінің басын алып, Тараз өлкесін де билей бастаған найман ханы Күшліктің соңына түскен Шыңғыс хан ақырында оның түбіне жеткендігі мәлім.
Айша бибі Қарахан Мұхаммедке ол қаза табардан әлдеқайда бұрын ерге шыққаны күмән туғызбайды. Өйткені, Айша бибі ескерткішін Мұхаммед тұрғызды деп батыл айтуға болатын бір жай бар. Қазақстанның сәулетші-зерттеушілері В.Қадырбаевтың, Н.Бәсеновтың және басқалардың мәліметтеріне қарағанда, күмбездің маңдайшасында мазарды тұрғызған Мұхаммед деген сөздер бертінге дейін сақталған екен.
Өзінің асырап алған әкесі Зеңгі бабаның сиыршылар пірі болғаны, Айшаның махаббат пен ғашықтардың пірі саналатындығы тегін емес. «Айша қатын» деген атау ұлы тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» кітабында да кездеседі. Қазіргі Аса өзені бұдан бес ғасыр бұрын Айша қатын аталса керек. Айша бибі өмір сүрген дәуір Қарахан әулетінің, оларға бағынышты ата-бабаларымыздың әуелі қарақытайларға, одан кейін Хорезм шах Мұхаммедке, артынша әуелі христиан дінінде болғанымен, көп ұзамай қара қытай гурханның қызына үйленген соң будда дініне көшкен найман Күшлік ханға қарсы күрескен заманына тұтас келеді.
Енді Қарахан атауына тоқталсақ. Көп жұрт Қараханды билеушінің аты деп ұғады. Бұл мүлдем қате түсінік. Қарахан лауазымы көне түркі заманында ұлы хан деген мағынада қолданылған. Мәселен, «қара халық» деген сөз «көп халық», «ұлы халық» деген мағынаны білдіреді. Ал, сол ұлы ханға бағынатын хандарды «илек хандар» деп атаған. Қарахан әулиетін «қараханидтер» деген атауды көне грек дәстүріне сәйкес орыстың шығыстанушысы, Шоқан Уәлиханов шығармашылығын алғашқы зерттеушілердің бірі В.Григорьев ғылыми айналымға енгізген болатын. Осы орайда, Тараз қаласының қақ ортасындағы «Әулие атанған Қарахан кім?» деген сауал өзінен-өзі туындайтындығы сөзсіз. Ғалымдар бұл мәселеге де жауап беріп отыр. Австрия ғалымы О.Прицак, О.Восфордтың «Мусульманские династии» деген кітабында 1059 жылға Таразды билеген Қарахан Шах Махмуд екендігін нумизматикалық деректер арқылы дәлелдеп көрсетсе, академик В.В.Бартольд сол Шах Махмудтың қарақытайларға қарсы талай қырғын соғыстарға қол бастап, талай жеңістерге жеткенін, бірде Талас өзенімен тоғытылатын қойдай ағып бара жатқан жау өліктерін көріп, жиреніп, алтын тағын мүлдем тастағанын, сопылық жолға түсіп, жер астынан қылует үй қазып алып өле-өлгенше Аллаға жалбарынып өткенін, сондықтан Әулиеата атанғанын жазған еді. Академик Әлкей Марғұлан да «Шоқан және Манас» деген кітабында әулие атанған Қарахан туралы жазады.
Бұдан өзге 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкеріліп, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай Орта Азия мен Қазақстандағы ою-өрнекпен әдіптелген жалғыз ескерткіштің көпке белгісіз архитектуралық сырлары да жетерлік. Нысандағы сегіз сәулелі жұлдыз орта ғасырлардағы ғылымның тілі болған араб тілінде бұл таңба «руб әл-хизб» ислам символы немесе «Оғызханның жұлдызы» деп аталады. Араб тілінен аударғанда хизбаның төрттен бір бөлігі деген мағынаны білдіреді. Мұндай мазмұндық бөлініс жүйесінің негізгі мақсаты Құранды оқуды жеңілдету болған. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, өркендеу, шыңдалудың шыңы деп есептеген. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді. Қарахан мемлекеті тұсында сопылық ілім айрықша дами түсіп, жарық дүниеден баз кешкен сопы дәруіштер көбейіп, діни мешіттер көптеп салынуының әсерінен осындай белгілерге көп көңіл бөлінді. Жәннаттың қызыл жақұт, күміс, зумруд, лағыл, гауһар, нұр, зүбаржат, алтын аталған сегіз қақпасын белгілеген сегіз сәулелі жұлдыз өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық ретінде тарихи өлкеміздің логотипіне айналып үлгерді.
Түркі халқының екі жарым мың жылдан да ары тарихына терең бойлайтын қасиетті анамыз туралы аңыздың түрлі нұсқалары да кездеседі. Екі ғашықтың іңкәр сезімдерінен туындағын махаббаттары жайлы аңыздардың ел аузында 28 түрлі нұсқасы сақталған. Соның бірқатарын Жаңғара Дәдебаев «Талас аңыздары» кітабында келтірген болатын.
Ұлжалғас ШАИЗХАН,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері»
мемлекеттік тарихи-мәдени музей-
қорығы «Ғылыми қызмет және
ескерткіштерді қорғау»
бөлімінің басшысы