Білім

Серпіліс сенімді ақтай алды ма?

Жаз айлары жастар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі саналады. Бірі дәл осы уақытта жас маман атанып жатса, бірі мектеппен қоштасып үлкен өмірге қадам басады. Осылайша, әрбір жас тағдыр табалдырығында тұрып болашақ мамандығы жайында таңдау жасайды. Бұл ретте талапкерлер үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі – оңтүстік жастарына арналған «Серпін-2050» бағдарламасы.

«Серпін-2050» бағдарламасы ел аумағында 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Негізінен индустриялды өңірлерді жас мамандармен қамтуға бағытталған бағдарлама онжылдықта орасан жұмыс атқарып үлгерген. Сондықтан болар, биыл бағдарламаға бөлінген гранттар саны артып, 3903- ке жеткен. Оның ішінде педагогика саласына – 2500, инженерия, өңдеу және құрылыс саласына – 700-ге жуық грант бөлінсе, IT – 300, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытында – 70-ке жуық квота бар. Соның нәтижесінде еліміздің солтүстігі, шығысы мен батысындағы сегіз өңірдегі 19 жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік берілді. Жастар өңірлердегі кадрлық сұранысқа байланысты педагогикалық ғылымдар, инженерліктехникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Одан әрмен оқуын тәмамдаған соң сол өңірлерде екі жылдық еңбекпен өтеу кезеңі бойынша жұмыс атқарады. Ал, оқу орындары мен өңірлерді таңдау қашанда жастардың өз еншісінде. Өйткені, мемлекеттік гранттар өңірлерге емес, оқу ордаларына бөлінеді. Осы бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқу базасында жыл сайын бағдарлама аясында қамтылатын университеттердің өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Бұл қатарда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті де бар. Аталған университет қос дипломдық білім жүйесі мен заманауи бағыттағы оқу базасымен жастардың сұранысын арттыра білген.

Бағдарламаның бір ерекшелігі, биыл алғаш рет колледж түлектері үшін 400- ден астам грант қарастырылған. Бұған дейінгі бес жылдықты байқап қарасақ, 2018 жылы бағдарлама бойынша 191 адам дипломды болған. Ал, 2019 жылы – 122 түлек болса, 2021 жылы – 46 адам, ал 2022 жылы – 44 адам оқуын тәмамдаған. Тек 2020 жылы ғана «Серпін» бойынша сұраныс болмаған. Бүгінде бұл бағытта бес облыс – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Жетісу өңірлерінің ауыл түлектері қатыса алады. Оларға шәкіртақы мен жатақханадан бөлек, университет пен жұмыс орындарынан түрлі әлеуметтік көмектер қарастырылады. Мәселен, шығыстағы өндіріс ошақтарын кадрлық тұрғыда қамтамасыз етіп отырған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті тарапынан жұмыс орындарымен тығыз байланыс орнатылған.

Қазіргі таңда бағдарлама аясында оқуға қабылдайтын оқу орындары қатарында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономика университеті, Рудный индустриялық университеті, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Шәкәрім университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бар. Айта кету қажет, алғашқы жылдары Әулиеата өңірінен әлеуметтік жоба аясында 1384 білімгерден құжат қабылданған. Оның 1169-і жоғарғы оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогика, техника, технология, ауыл шаруашылығы, медицина мамандықтары бойынша білім алып, жұмыстарын жалғастырған.

 

Нұрболат АМАНБЕК