Ұлттық нақыш ұмыт қалмауы керек
Бүгінде ұлттық колоритімізді айқындайтын төл нақыштағы киімдерге құрмет артып келеді. Елдің өткенінен өнегесін танытып, бүгінгініңберекесін бейнелеген қазақы киімдерді күнделікті өмірде, көшелерде, жиындар мен басқосуларда да жиі байқап жүрміз. Бұл отыз жылдықты артқа тастап, тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қаймықпай қадам басқан халықтың таным көкжиегі кеңейіп, ұлттық рухының оянғанын білдіреді. Осыншалық мәнге ие қазақи киімдеріміз қазіргі таңда жастар тарапынан да үлкен қолдау тапқан. Тіпті бірнеше білім ордалары бірыңғай мектеп формаларын ұлттық нақышқа ауыстырып үлгерген.
Десе де бұл мәселенің майшаммен қарайтын тұстары жетерлік. Өйткені, жеке кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен тауарларын мектеп басшылықтарына ұсынып, ата-аналар мен оқушылар тарапынан қолдау тапқанымен, істің аяғы сөзбұйдаға салынып кететіндігін айтады. Аталған мәселе төңірегінде Тараз қаласы білім бөлімінің мамандарынан мектеп формасы қалай таңдалатынын сұрап-білдік.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, бірыңғай мектеп формасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» бұйрығы арқылы реттелген. Соған сәйкес мектеп формаларының стандарттары бекітілген. Ал, мектеп директорлары ұлттық киімге қатысты арнайы заңнамалық құжат болмағандықтан, бұл мәселеде пікір алуандығы жиі орын алатынын жеткізді. Соған сәйкес, ата-аналар киімдерді қайдан және кімнен алатынын өздері таңдайды.
Мектеп директорының айтуынша, ұлттық киім үлгісін бірыңғай мектеп формасы ретінде де киіп жүруге болады. Бірақ, бір мектепте әралуан әлеуметтік топ өкілдері болғандықтан, әзірше бірдей киім үлгісін сақтау мүмкін емес көрінеді. Сол үшін бір сыныптың ата-аталары басқа форманы, келесі сынып ата-аналары бөлек мектеп формасын да таңдайды екен.
Ал, жалпы бүгінде Тараз қаласындағы 20- дан аса қала мектептерінде ұлттық нақыштағы мектеп формалары бар. Олардың бірі ұлттық киімді бірыңғай мектеп формасына айналдырып үлгерсе, бірі мерекелік киім үлгісі ретінде қолданады. Соған сәйкес, бұл салада кәсіпкерлердің де қатары артқан. Солардың бірі – жас кәсіпкер Асылжан Қаратаев. Оқушыларға арнайы киім тігумен үш жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер алғашқы жылдары қаладағы бірқатар білім ордаларына өз ұсынысымен барған. Десе де мектеп директорлары құзырлы органдардың рұқсатнамасы керектігін айтып, шығарып салған.
Айта кету қажет, жаңа оқу жылына дайындық тамыз айының басында-ақ жүргізіліп қояды. Осы уақытта көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына қаржылай қолдау көрсетіліп, соған орай мектеп басшылығымен бекітілген мектеп формасы да сатып алынады. Сол себепті дайындық науқанында мектептерді аралап, өз ұсыныстарын таныстыратын жергілікті кәсіпкерлер өз істеріне қолдау табылса екен дейді.
Нұрболат АМАНБЕК