Мектептердің құрылысы мерзімінен кешікпесе...
Жаңа оқу жылының басталуына да бір айдай уақыт қалды. Биылғы алғашқы қоңырау күнінде облысымыздың қай аймақтарының оқушылары жаңа мектепке барып, қуанғалы отыр? Оқушылардың жазғы демалысында салына бастаған мектептердің құрылыстары межеленген мерзімде аяқтала ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, өңірде жаңадан бой көтерген білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын бағдарлап көрдік.
Облыс аумағында 2024-2025 жылға 41 білім нысанының құрылысына қаржы қарастырылған екен. Бұл нысандардың 26- сы мектеп болса, оның ішінде 12-сі «Жайлы мектеп». Ал, 15 нысан мектепке жапсарлас құрылыс. Облыс әкімдігінің білім басқармасының мәліметінше, биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі күні 5 нысан пайдалануға берілген. Олар 3 мектеп пен 2 мектепке қосымша ғимарат. Соның нәтижесінде 9 оқушы орнының тапшылығы бар, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі деп жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде облыста 4 үш ауысымды мектеп бар. Олар Қордай ауданының Қарасу ауылындағы №7, Меркі ауданындағы №21, №48 мектептер мен Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейі. Ал, Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылындағы Қ.Қасымов атындағы, Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептер және Шу ауданының Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің бір бөлігі, атап айтқанда спорт залы, акт залы мен асханасы апатты жағдайда. Осы 7 нысанның алтауының мәселесі биыл, біреуі келесі жылы «Жайлы мектептер» мен жаңа мектептердің, сондайақ жапсарлас құрылыстардың есебінен шешімін табады деп көзделіп отыр. Келесі жылы 22 білім нысанының құрылысы пайдалануға берілмекші. Олардың 11-і мектеп, 5-уі «Жайлы мектеп», қалған 11-і мектепке жапсарлас құрылыс нысандары. Ал, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп межеленген білім нысандарының құрылысы алдағы бір айда аяқталып үлгереді ме? «Жаңа мектепте оқимыз, жап-жаңа спорт залда жаттығып, жаңарған асханада тамақтанамыз» деп қуанып жүрген оқушылардың үміті ақталады ма? Бізді толғандырған осы сұрақ.
Amanat партиясының облыстық филиалының әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылап, орын алған кем-кетікті түзетуді ұсынып отыратын комиссиясы нендей жайтты анықтағандарын да сұрадық.
Ұлттық жобамен салынып жатқан «Жайлы мектептердің» құрылысы өз жоспарынан кешікпейтін сыңайлы. Білім алушыларға барынша жағдай жасалып, заманауи озық үлгіде бой көтерген бұл мектептердің ғимараттары сәнді ғана емес, сейсмикалық жағдайларға төтеп бере алатындай қауіпсіз әрі сапалылығымен де көңілге қонады.
Егер Amanat партиясының бақылаушылар ұсынған жағдайлар жауаптылар тарапынан ескеріліп, жоғарыда аталған нысандардағы жұмыс жанданса, алдағы 1 қыркүйекте берілуі тиіс мектептер оқушыларына есігін айқара ашары анық. Болашақтың бақытына негізделген ізгі істі ешбір кедергі кешеуілдетпей, балалар заман талабына сай мектепте сапалы білім алып, ел үшін еңбек етер азамат болып өсуі біздің ғана емес, дүйім жұрттың басты тілегі екені сөзсіз.
Қамар ҚАРАСАЕВА