Әлеумет

Жаз қызығы жайдарлы

Оқу жылы аяқталысымен «Жаз жайнатып, күн күлдіріп біз лагерьге барамыз», – деп шалқыта шырқап, лагерьге асығатын балалар аз емес. Облыс аумағында балаларға жайлы демалыс сыйлайтын лагерьлер баршылық. Соның бірі – Меркі ауданында орналасқан «Жұлдыз» лагері.

Лагерь директоры Ғабиден Сансызбаевтың айтуынша, мұнда ала жаздай үш кезең бойынша 270 бала демалуда. Әр кезеңде 90 бала 10 күннен қатысуда. Мұнда оқушылардың барлық қажетті жабдықт ары а лынып, толық қамтылған. Біз барған уақытта лагерьдің үшінші кезеңі өтіп жатыр екен. Балғын балалардың жүздерінен шат күлкі, шадыман көңілді байқадық. Осында спорт, өнер, шығармашылық жағынан өзін дамытамын деген өрендерге үлкен мүмкіндік бар. Меркі ауданының 39 мектебінен жиналған жасөспірімдердің бар өнерлері бір ортаға тоғысады. Бойларындағы таланттарын басқа мектептегі қатарластарына танытатын жер де – осы лагерь.

Уақыт талабы болар, қазіргі таңда баланың бәрі жан-жақты. Бекер қарап жүргені жоқ. Ол өздеріне жақсы. Әйтеуір осы лагерьдегі өрендердің ішінде қара жаяуы жоқ екеніне қуандық. №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің оқушысы Айару Жылыс волейбол спортынан көзге түскен жүйрік. Ол мектепте өзінің командаластарымен бірге аудандық турнирлерде талай рет жеңіс тұғырына көтерілген. Айарумен бір мектепте оқитын Бекасыл Нәукебай–әнші. Оқушылар арасында аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері. Бұл жерде Тілеміс батыр атындағы мектептің мұғалімдері біліммен қатар өнер мен спортқа да ден қоятындығын байқауға болады. №17 Иван Трубицын атындағы мектеп- гимназиясының оқушысы Жарас Бабалы қазақ күйлерін домбыра аспабымен керемет орындайды. Күй тартудың хас шебері. Домбыра шанағынан шыққан күйдің ырғағы тыңдаған құлақтың құрышын қандырады. Жарас отыздан аса шежірелі күйді шебер шерте біледі. Ал, №44 орта мектептің оқушысы Балым Қошан – биші. Би өнерінде жеткен жетістігі аз емес. Лагерьдегі демалыс күндерінде де өзінің бишілігімен ерекшеленді.

Бұл лагерьде ауданға сыйлы ақсақалдар мен әжелер де көбірек болады. Мәселен, ауданға қадірлі Қанат Шайхиев балаларға ұлағатты сөзін арнаса, көпке сыйлы Қайнаркүл Тәттіқұлова бастаған әжелер оқушы қыздарға бірге текемет басу, киіз білектеу, киіз қарпу секілді дәстүрлерді үйретеді екен.

Аға тәрбиеші Айдана Насреддинқызы бастаған тәрбиеші мамандар да көптің көңілінен шығыпты. «Лагерь – біздерге өте қажет. Мұнда жағдайдың бәрі жасалған. Бассейн, футбол, волейбол алаңдары өте қолайлы. Тамақтары да дәмді. Лагерьдегі барлық жағдай көңілімізден шықты. Спорт, өнер, шығармашылық бағытта түрлі жарыстар өтті. Ағайлар мен апайларға да алғысымыз мол. Осы жерден көптеген достар таптық», – дейді Айару Жылыс.

Балаларының мұнда демалғанына ата-аналардың да көңілі тоқ. Мәселен, ата-ана Клара Жұбатова: «Осы лагерге рахмет. Он күн ішінде талай қызықты іс-шаралар өтті. Балаларымыз өздерін дамытып, көзге түсті. Ағай, апайларының қызметі, тәрбиесі ұнады. Бұйырса келесі жылы тағы да келеміз» дейді.

«Жұлдыз» легерінде балалар еркін демалып, алаңсыз ойнады. Енді оқушы балалар жақсы демалыстан соң, өз мектептерінде білім алуға зор құлшыныспен кірісетіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы