Аймақ

Жағалаудағы жарыс

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласының «Самал» шағынауданы аумағындағы «Қарасу-2» өзенінің бойында плоггинг ұйымдастырылды. Яғни, акцияға қатысушылар таңғы мезгілде жүгіруден жарыса отырып, жағалаудағы күл-қоқысты жинады.

Өзен бойындағы қоқыстарды жинаумен ұштастырылған жарыс табиғатты қорғаумен қатар, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттады.

Плоггингке қала тұрғындары, мәдениет, спорт саласының жастары және «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты. Арнайы радио-концерт ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл күймен спорт және тазалық шаралары қатар жүзеге асырылды.

Ұйымдастырушылар экологиялық акция түрлі форматпен жыл соңына дейін жалғасатынын айтуда.

 

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА