Жаңалықтар

Суару технологияларының сервистік орталығы құрылады

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы Алматы облысында «Ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» тақырыбында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинарын өткізді. Шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация қатысты.

Семинарда су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі, ауыл шаруашылығы вице-министрі, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері бас қосты. Пленарлық отырыста су тапшылығының негізгі себептері, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне тигізер әсері талқыланып, мәселені шешудің жолдары қарастырылды.

Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев су мәселесінің өзектілігіне тоқталып, барлық ұсыныстар мен пікірлер мұқият зерделенетінін атап өтті.

Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те сөз сөйлеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында атқарылған жұмыстар мен іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Аймақта суармалы жердің көлемі 182 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, 142 мың гектар жер жерүсті әдісімен суарылады, 28,5 мың гектарға заманауи жаңбырлатып суару және 11,5 мың гектарға тамшылатып cуару жүйесі қолданылуда.

Бүгінгі күнге дейін 7 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 55 мың, 2025 жылға 65 мың гектарға, ал 2030 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылады. Сондай-ақ, Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату арқылы 1,4 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиясы бойынша 2 жоба іске қосылатын болады. Жалпы, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында 2024-2025 жылдары 12,5 мың гектарға 15,1 миллиард теңгені құрайтын 31 жобаны енгізу іске асырылмақ.

Ғылыми - практикалық семинар су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйледі.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева, Қазақ география және су қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ахметкал Медеу, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрлан Балғабаев, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бахытжан Дүйсембеков, «Ирригатор Қазақстан» ЖШС (Metzer Kazakhstan) Бас директоры Мұрат Ақшалов күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен бірге аграрлық - өнеркәсіптік кешенде су ресурстарын пайдаланудың перспективалық технологиялары тақырыбында форсайт-сессия өтті.

Қатысушылар Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-дың егістік алқабымен танысып, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының, ғылыми әзірлемелер және өндірістік өнімдердің көрмесін тамашалады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі